АҚШ Конгресі демократтар бақылауында: Трамптың реакциясы
АҚШ-та қандай сайлау өтті?
3 қарашада АҚШ-та Конгресс - америкалық парламент сайлауы өтті. Ел тұрғындары заң қабылдайтын және билік шешімдеріне ықпал ететін Өкілдер палатасы мүшелері мен сенаторларды сайлады.
Сайлауға екі негізгі партия қатысады: президент Дональд Трамп мүшесі саналатын Республикалық партия және Демократиялық партия.
Конгресс екі палатадан тұрады:
Өкілдер палатасы - 435 орын. Америкалықтар әр екі жыл сайын әрбір сайлау округінен бір өкілден сайлайды. Партияға көпшілік дауыс иелену үшін кемінде 218 орын қажет.
Сенат - 100 сенатор, әр штаттан екі адамнан келеді. Олар алты жылға сайланады, бірақ әр екі жыл сайын құрамның шамамен үштен бірі қайта сайланып отырады. Биыл сайлау 35 орын бойынша өтті.
Конгресте көп орын иеленген партия заңдардың қабылдануына және ел бюджетіне ықпал ете алады.
Сайлауға дейін екі палатаны да республикашылдар бақылап келген. Енді демократтар көпшілік орын үшін күресіп жатыр.
Кім жеңіп жатыр: алдын ала нәтижелер
Associated Press болжамынша, демократтар Сенаттағы көпшілік орынды қамтамасыз етті. Сайлауға дейін бұл палата республикашылдардың бақылауында болатын.
Демократтар бірнеше маңызды жеңіске қол жеткізді, оның ішінде бұрын республикашылдар басым болған штаттар да бар. Мысалы, ең елеулі жеңістердің бірі Техастағы демократ Джеймс Талариконың көрсеткіші болды. Ол Дональд Трамп қолдаған республикашыл Кен Пакстоннан озып кетті. Euronews мәліметінше, Таларико кейінгі 38 жылда Техастан сайланған алғашқы сенатор-демократ атанбақ.
Сонымен қатар Өкілдер палатасында дауыс санау әлі де жүріп жатыр. Дегенмен америкалық БАҚ бұл палатада да демократтар жеңетінін болжап отыр. Партияға басымдық алу үшін 435 орынның кемінде 218-ін иелену керек.
Алғашқы нәтижелер жарияланған тұста Өкілдер палатасындағы демократтар көшбасшысы Хаким Джеффрис X: "Америка аман-есен!" - деп жазды.
America is alive and well!
- Hakeem Jeffries (@hakeemjeffries) November 4, 2026
Сайлаудың түпкілікті нәтижелері әлі жарияланған жоқ.
Трамп сайлауға қалай жауап қатты?
Дауыс беру қарсаңында Дональд Трамп демократтарды қатаң сынап, олардың кандидаттарын АҚШ тарихындағы ең экстремалды және қауіпті тұлғалар деп атаған болатын.
4 қараша күні таңертең алғашқы нәтижелер шыққаннан кейін президент өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде былай деп жазды:
"Сайлау бюллетенінде менің есімім болған жоқ, егер болғанда, біз үлкен айырмашылықпен жеңер едік! Осы мәселеге назар аударғандарыңыз үшін рақмет", - деді Трамп.
Дауыс беру аяқталмай тұрып-ақ, президент егер демократтар Конгресте көпшілік орынды иеленсе, қалай әрекет ететінін CBS News басылымына айтып берген. Оның сөзінше, ол олардың заң жобаларын бұғаттау үшін вето құқығын пайдалануға дайын.
"Менде ең жоғарғы билік бар - ол "вето" деп аталады. Тарихта солай болып келеді: бірнеше ай бойы вето қоясың, содан кейін олар келіп: "Бізге келісу керек", - дейді", - деп мәлімдеді президент.
Трамп сайлау нәтижелеріне қарамастан өз саясатын жүргізуді жалғастыратынын атап өтті. Ол Жоғарғы соттың шешімдері оның өкілеттігін кеңейтті деп санайды.
Кейінірек The New York Times басылымына берген сұхбатында Трамп Конгреске өткен аралық сайлау нәтижелерін мойындауға және Демократиялық партиямен жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді.
"Біз демократтармен жұмыс істейтін боламыз және олармен ынтымақтастықтың басталуын асыға күтеміз", - деді ол.
Сайлаушылар неге демократтарды қолдады?
Reuters мәліметінше, сауалнамаға қатысқан он сайлаушының тоғызына жуығы дауыс беру кезінде өмір сүру құнының қымбаттауын маңызды фактор ретінде атаған. Көбісі Трамптың саясатына көңілі толмайтынын да білдірді.
CBS News сауалнамаларына сәйкес, сайлаушылардың шамамен төрттен үшін елдің даму бағыты қанағаттандырмайды.
Науқан кезінде демократтар президенттің экономикалық саясатын сынап, оның әкімшілігіне бақылауды күшейтуге уәде берді.
Трамп үшін не өзгереді?
Reuters жазуынша, егер демократтар Сенатта көпшілік орынға ие болса, олар президент ұсынған шенеуніктер мен судьялардың тағайындалуын бұғаттай алады.
Егер партия Өкілдер палатасын да өз бақылауына алса, ол Трамп әкімшілігіне қатысты тергеу жүргізуге және оның заңдарының қабылдануына кедергі жасауға мүмкіндік алады.
Дегенмен Трамп бәрібір президент болып қала береді. Ол бұрынғысынша жарлықтарға қол қойып, Конгресс мақұлдаған заң жобаларына вето қою құқығына ие болады.
Түпкілікті нәтижелер қашан шығады және келесі президент сайлауы қашан?
АҚШ-та түпкілікті нәтижелерді жариялаудың бірыңғай күні жоқ. Әр штат дауыстарды дербес санап, қорытындыларды бекітеді.
Ballotpedia мәліметінше, штаттардың басым бөлігі нәтижелерді ресми бекітуді қараша және желтоқсан айларында аяқтайды. Сонымен қатар АҚШ БАҚ-тары жеңімпаздарды ертерек жариялауы мүмкін.
Конгрестің жаңа құрамы 2027 жылғы 3 қаңтарда жұмысқа кіріседі.
Сонымен бірге келесі президенттік сайлау 2028 жылғы 7 қарашада өтеді, деп хабарлайды АҚШ үкіметінің ресми порталы.
Айта кететін жайт, Дональд Трамп үшінші президенттік мерзімге өз кандидатурасын ұсына алмайды: АҚШ Конституциясы екі реттен артық президент болып сайлануға тыйым салады.