Қазақстанда ветеринарларға 4,3 миллион теңгеден төленуі мүмкін
Қазақстанда ветеринария мамандарын қолдау шараларын кеңейту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, кәсіби саладағы ерекше еңбегі үшін 1000 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем белгілеу ұсынылды. Тиісті түзетулер Құрылтайда қаралып жатқан заң жобасында қамтылған, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Құрылтайдың Аграрлық мәселелер, экология және табиғат пайдалану комитетінің қорытындысына сәйкес, үздік жетістіктері мен ерекше еңбегі үшін ветеринария мамандарына "Қазақстанның ветеринария саласына еңбек сіңірген маманы" құрметті атағымен мемлекеттік наградалар берілуі мүмкін.
Мұндай атақ берілген кезде 1000 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем қарастырылған - бұл 2026 жылы 4 325 000 теңгені құрайды.
Бұдан бөлек, "Ветеринария саласындағы үздік маман" атағы иегерлеріне ақшалай сыйақы төлеу ұсынылады. Оның мөлшері мен беру тәртібін Үкімет айқындайды.
Тағы қандай төлемдер мен жеңілдіктер қарастырылған?
Заң жобасын таныстырған Құрылтай депутаты Серік Егізбаев ветеринар мамандығының, әсіресе ауылдық жерлерде, әлі де тартымсыз болып отырғанын атап өтті. Бұл кадр тапшылығына, жұмыс істеп жүрген мамандарға жүктеменің артуына әкеп соғады және ветеринариялық іс-шаралардың уақтылы жүргізілуіне кедергі келтіреді.
Осы мәселелерді шешу үшін заң жобасында қосымша кепілдіктер мен қолдау шаралары қарастырылған.
Атап айтқанда, ветеринария мамандарына жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын кемінде екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысын төлей отырып беруге кепілдік беру ұсынылды.
Сондай-ақ ветеринария бойынша ғылыми дәрежесі үшін қосымша төлемдер қарастырылған:
ғылым кандидаттарына - 17 АЕК (2026 жылы 73 525 теңге);
ғылым докторларына - 34 АЕК (2026 жылы 147 050 теңге) негізгі жұмыс орны бойынша төленеді.
Ауылдық жерде жұмыс істейтін ветеринарларға ерекше көңіл бөлінген. Комитет қорытындысына сәйкес, жергілікті мәслихаттардың шешімімен қолдау шаралары мыналарды қамтуы мүмкін:
лауазымдық айлықақылар мен тарифтік мөлшерлемелерді қала мамандарының тиісті мөлшерлемелерімен салыстырғанда кемінде 25 пайызға арттыру;
көтерме жәрдемақы төлеу және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға көмек көрсету;
өңірлік бағдарламалар аясында қосымша төлемдер мен үстемеақылар беру.
Бұдан бөлек, әкімдіктер тұрғын үй жалдау және коммуналдық қызметтер үшін өтемақы, сондай-ақ санаториялық-курорттық емделуге және демалуға төлемдер қарастыра алады.
Ауылдық ветеринария мамандарын әлеуметтік қолдаудың қолданыстағы нормаларын ветеринария туралы заңнамаға біріктіру ұсынылады.
Ветеринарлардың мәртебесі қалай өзгереді?
Заң жобасында мамандардың кәсіби міндеттерін орындауы кезіндегі қосымша кепілдіктер де қарастырылған.
Атап айтқанда, ветеринарларды арнайы киіммен, жабдықтармен және жұмысқа қажетті құралдармен қамтамасыз ету, кәсіби даярлауды, қайта даярлауды және біліктілігін арттыруды ұйымдастыру туралы сөз болып отыр.
Сонымен қатар лауазымдық міндеттерін атқару кезінде өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу және кәсіби қызметке заңсыз араласудан қорғау шаралары қарастырылады.
Қазақстанда ветеринариялық палата құрылады
Тағы бір жаңалық - қоғамдық ұйым нысанында ветеринариялық палата құру.
Депутат Серік Егізбаевтың хабарлауынша, жаңа ұйым ветеринариялық дәрігерлердің құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғайтын болады, олардың есебін жүргізеді және біліктілігін арттыруға жәрдемдеседі. Палата ветеринариялық дәрігерлердің кәсіби бірлестігіне айналып, олардың мәртебесін көтеруге ықпал етеді деп күтіледі.
Бүкіл заң жобасының ережелерін іске асыруға мемлекеттік бюджеттен жыл сайын шамамен 27 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр. Мұндай соманы Егізбаев өз баяндамасында мәлімдеді.
Депутаттар құжатты қарап, бірінші оқылымда мақұлдады. Ветеринарларды қолдау шараларынан бөлек, заң жобасында саланы цифрландыру, ветеринариялық-санитариялық бақылауды күшейту және ветеринариялық препараттардың айналымы тәртібін өзгерту қарастырылған.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылы медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруге бюджеттен 33 миллиард теңге бөлінгенін хабарлаған болатын. Бұдан бөлек, мемлекет шалғайдағы ауылдық елді мекендерде жұмыс істейтін дәрігерлерге біржолғы қаржылай қолдау көрсетеді. 2025 жылы мұндай төлемдерді 530 маман алды, оның жалпы сомасы 4,5 миллиард теңгені құрайды.