Қарағанды әкімінің үстінен мұраға байланысты сотқа шағым түсті
Қарағанды тұрғыны ағасы қайтыс болғаннан кейін мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру үшін қала әкіміне қарсы сотқа арызданды. Ер адам 2020 жылы қайтыс болғанымен, оның өлімі алты жылдан аса уақыт өткен соң ғана ресми түрде тіркелген, деп хабарлайды Tengrinews.kz Қарағанды облыстық сотына сілтеме жасап.
Ағасының өлімі 6 жылдан кейін ғана рәсімделді
Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық № 2 сотының мәліметінше, әйел мен оның ағасы тұрғын үйді тең үлеспен иеленген. Ер адам қайтыс болғаннан кейін үйдің оған тиесілі жартысы мұрагерлеріне өтуі тиіс еді.
Медициналық куәлікке сәйкес, әйелдің ағасы 2020 жылғы 9 ақпанда қайтыс болған. Алайда өлімді мемлекеттік тіркеу тек 2026 жылғы 16 маусымда - нақты қайтыс болған уақыттан алты жылдан аса уақыт өткен соң жүргізілді.
Әйел нотариусқа жүгінген кезде оған мұраға құқық туралы куәлік беруден бас тартылды. Бұған мұраны қабылдау үшін заңмен белгіленген алты айлық мерзімнің өтіп кетуі себеп болған.
Сот шешімі
Әйел Қарағанды әкіміне қарсы сотқа талап арыз түсірді. Сот істің мән-жайын зерттеп, мерзімнің объективті себептермен өткізіп алынғаны туралы қорытындыға келді.
Ағасының өлімі мемлекеттік тіркеуден өткенге дейін әйел мұраны тиісті түрде рәсімдей алмаған. Сонымен қатар өлім тіркелгеннен кейін ол келесі алты ай ішінде сот қорғауына жүгінген.
"Азаматтық кодекстің 1072-3-бабына сәйкес, егер мерзім дәлелді себептермен өткізіп алынса және сотқа жүгіну мұндай себептер тоқтатылғаннан кейін алты ай ішінде жасалса, сот мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіруге және мұрагерді мұраны қабылдаған деп тануға құқылы", - делінген хабарламада.
Нәтижесінде сот талап арызды қанағаттандырды: әйелге мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіріп, оны тұрғын үйдің жартысы түріндегі мұраны қабылдаған деп таныды.
Адам қайтыс болғаннан кейін оның қарыздары не болады?
Бұған дейін Tengrinews.kz қайтыс болған қазақстандықтың несиесін кім төлеуі керек және банктер туыстарынан ақша талап ете ала ма дееген сауалдардың жауабын іздеп көрді. Әділет министрлігі қарыздар мұраны қабылдаған адамдарға өтетінін, бірақ жауапкершілік алынған мүліктің құнымен шектелетінін түсіндірді. Егер мұра қалмаса немесе туыстары одан бас тартса, олар тек туыстық байланыс негізінде несиені өтеуге міндетті емес.