БЖЗҚ-да Астана іргесіндегі 20 гектар жер қайдан пайда болған және ол неге сатылмай жатыр?
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) 2023 жылдан бері Астана маңындағы ауданы 20 гектар жер учаскесін сатуға әрекет жасап келеді. Қорға бұл жер қайдан келгенін және ол неге үш жыл бойы сатылмай жатқанын Tengrinews.kz тілшісі анықтап көрді.
Зейнетақы қоры жерді қалай иеленді?
Оқиға жер сатып алудан басталған жоқ. 2013 жылы БЖЗҚ-ға бұрын "Отан" жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы портфелінде болған "Тема Ко" компаниясының облигациялары берілді. Зейнетақы қорлары біріктірілгеннен кейін бұл бағалы қағаздар БЖЗҚ портфеліне өтті.
Анықтама: Облигация - бұл борыштық бағалы қағаз. Инвестор оны сатып алу арқылы компанияға немесе мемлекетке қарызға ақша береді: эмитент табыс төлеуге және белгіленген мерзімде негізгі соманы қайтаруға міндеттенеді.
Компания облигацияларды өтеу бойынша міндеттемелерін орындамағаннан кейін, 2016 жылы сот одан БЖЗҚ пайдасына 306,6 миллион теңге өндіру туралы шешім шығарды.
2023 жылдың басында берешекті мүлік беру арқылы реттеу туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде БЖЗҚ меншігіне үшінші тұлғалардың мүлкі - Алматыдағы ауданы 172 шаршы метр кеңсе және Ақмола облысының Целиноград ауданындағы ауданы 20 гектар жер учаскесі өтті.
БЖЗҚ мүлікті сатып, түскен қаражатты шығыстарды шегергеннен кейін зейнетақы активтерінің портфеліне - "Тема Ко" облигациялары бойынша талап ету құқығын сатып алу есебіне бағыттауды жоспарлаған.
Қор жауабында берешек есебіне неге үшінші тұлғалардың мүлкі берілгені және оған нақты кім иелік еткені нақтыланбаған.
1,6 миллиард теңгелік бастапқы баға қайдан шықты?
Электрондық сауда порталындағы учаске картасында ауданы 20 гектар, нысаналы мақсаты - нысандар салу және пайдалану екені көрсетілген. Учаске бөлінеді, айналма жолға жақын орналасқан, бірақ сипаттамасында ауданның инфрақұрылымы төмен деп бағаланған. Аумақ арқылы кернеуі 110 киловольт екі электр желісі өтеді.
Тәуелсіз бағалаушының 2025 жылғы маусымдағы есебіне сәйкес, учаскенің бағалау құны 531,8 миллион теңге. 2026 жылдың басында БЖЗҚ оны осы бағадан төмен емес бағамен тікелей сатуға да шығарған. Кейін бағаны төмендету әдісімен өткізілген аукциондарда бастапқы құн 1,595 миллиард теңге болды.
БЖЗҚ мұны голландиялық аукцион ерекшелігі деп түсіндірді: бастапқы баға бағалау құнын үшке көбейту арқылы есептеледі, содан кейін баға төмендейді. Қыркүйек пен қазандағы сауда-саттықта ең төменгі баға 319,1 миллион теңге болды - бұл учаске бағасының шамамен 60 пайызы. Осылайша, 1,6 миллиард соңғы баға емес, сауда басталған бастапқы баға.
Қор жауабына сәйкес, әртүрлі әдіспен 37 аукцион өткізілген, бірақ қатысушылардың болмауына байланысты олардың бәрі өтпеді деп танылды. Әлеуетті сатып алушылардан БЖЗҚ-ға өтініш те түспеген.
Алматыдағы кеңсе сатылып кетті: түскен ақша қайда бағытталды?
Алматыдағы кеңсе 2024 жылы электрондық саудада 99,7 миллион теңгеге сатылды. Оны күтіп-ұстау, салықтар, коммуналдық қызметтер және бағалау шығындары шамамен 2,85 миллион болды. Қалған шамамен 96,9 миллион теңгені қор зейнетақы активтері портфеліне бағыттады.
Жер сатылған жағдайда түскен ақша, күтіп-ұстау және өткізу шығындарын шегергенде, сондай-ақ зейнетақы активтеріне жіберіледі.
Бұл ретте БЖЗҚ берілген мүліктің жалпы нарықтық құны ол алынған кезде 556,7 миллион теңге болғанын атап өтті. Қор әрбір нысан бойынша бастапқы бағалаудың егжей-тегжейін бермеді және мүлік құны мен қарыз сомасының арақатынасы қалай болғанын түсіндірмеді.
Қазір БЖЗҚ жерді қайта бағалаудан өткізіп жатыр. Осыдан кейін қор оны электрондық сауда арқылы сату әрекеттерін жалғастыруды жоспарлап отыр.
Тақырып бойынша материалдар
Бұған дейін Алматы тау бөктеріндегі жерлерді сату және "Астана-Финанс" берешегінен кейін мүлік қалай БЖЗҚ иелігіне өткені туралы жазған болатынбыз. Сондай-ақ компания облигациялар бойынша қарыз есебіне жылжымайтын мүлік пен учаскелердің бір бөлігін берді, ал қор алынған активтерді электрондық саудаға шығарды.
Сондай-ақ қазақстандықтардың зейнетақы қаражаты қайда салынып жатқанын және БЖЗҚ портфельдері қалай қалыптасатынын талдаған едік.