Нұрлыбек Асылбеков денсаулық сақтау вице-министрі болып тағайындалды
Үкімет қаулысымен Нұрлыбек Асылбеков денсаулық сақтау вице-министрі болып тағайындалды, деп хабарлайды Tengrinews.kz министрлер кабинетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нұрлыбек Әбібуллаұлы Асылбеков 1966 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Алматы мемлекеттік медицина институты филиалын, М. Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтын, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолын 1990 жылы "Фармация" республикалық өндірістік кәсіпорнында провизор-технолог болып бастаған.
1991-2000 жылдары Шымкент және Оңтүстік Қазақстан облыстарының "Фармация" жүйесінде басшылық лауазымдарда жұмыс істеді. 2000–2002 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының бас маманы болды. 2002-2012 жылдары Қазақстанның бірнеше өңірі мен қаласында Денсаулық сақтау министрлігі Фармацевтикалық бақылау комитетінің басқармалары мен департаменттерін басқарды. 2012–2017 жылдары Премьер-министрдің кеңсесінде және тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінде қызмет етті, кейін Денсаулық сақтау министрлігінде басшылық лауазымдарды атқарды. 2022–2025 жылдары Шымкент денсаулық сақтау басқармасын басқарса, 2025 жылдан бастап "СҚ-Фармация" ЖШС басқармасына жетекшілік етті.
Кеше Үкімет отырысында Нұрлыбек Асылбеков елді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету барысын баяндаған болатын. Осыдан кейін премьер-министр Олжас Бектенов оны қаражатты адал жұмсауға және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге шақырды.
Сондай-ақ бүгін Айнұр Әбдірахманова еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болып тағайындалды.