Семей мен Өскемендегі ЖЭО құрылысы: консорциумға қай елдер кірді?
Семей мен Өскеменде ЖЭО салумен айналысатын консорциум құрамына бірнеше компания кірді. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте "Самұрық-Энерго" басқарма төрағасы Аңсар Айдаров айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Айдаров екі ЖЭО құрылысы үшін консорциум құрылғанын айтты. Оның құрамына сингапурлық компания кірді, ол жабдықтарды жеткізумен айналысады.
Жобалауға консорциумның басқа мүшелері жауап береді, сондай-ақ бұл жұмысқа энергетикалық нысандарды жобалау тәжірибесі бар халықаралық компаниялар тартылады. Жалпы құрылыс жұмыстарын қазақстандық компания атқарады.
Аңсар Айдаровтың айтуынша, консорциумға жетекшілік ететін компания келісімшарт талаптарына сәйкес банктік кепілдіктер береді. Жауап кезінде компанияның атауы аталмады. Айдаров консорциумның қалған қатысушыларын да атаған жоқ.
Анықтама: Консорциум - ірі жобаны бірлесіп жүзеге асыру, міндеттерді, ресурстарды және жауапкершілікті бөлісу үшін бірнеше компанияның немесе ұйымның уақытша бірлестігі.
2026 жылғы сәуірде ресейлік тарап құрылысқа қатыспайтыны, Семей мен Өскемендегі жобалар қазақстандық-сингапурлық консорциумға берілгені хабарланған. Сол кезде станцияларды 2029 жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беру жоспары туралы айтылды.
Тағы оқыңыз: Алматыдағы 3-ЖЭО құрылысы 9 айға кешігіп жатыр: мән-жайы