“Қатты жаңбыр жауды“: Алматы тұрғыны ұша алмаған құсты құтқарып қалды
Алматы тұрғыны түнгі нөсерден кейін ерекше олжаға тап болды. Ол тұрғын үй кешенінің маңынан қозғалыссыз жатқан сауысқанды тауып алған. Әйел құсты көмексіз қалдырмай, үйіне алып кеткен және орнитолог маманнан кеңес алған, деп хабарлайды Tengri Life.
Құтқару тарихы
Құсты құтқару операциясын Анара Жолжақсынова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында айтып берді. Оның сөзінше, сауысқанды 11 қараша күні таңертең Үлкен Алматы өзеніне жақын орналасқан тұрғын үй кешендерінің бірінің маңынан көрген.
"Түні бойы жауын жауды, құс сол уақыт бойы жаңбыр астында қалған сияқты. Мен төрт айлық Юки есімді күшігіммен серуендеп жүргенмін. Қозғалыссыз жатқан сауысқанға назар аударған да сол болды. Құстың иттен де, адамнан да қашпай, орнынан қозғалмағанын бірінші рет көруім. Мен жүгіріп барып қорап пен жамылғы әкелдім де, оны үйге кіргізіп, жылыта бастадым, содан кейін орнитолог іздедім", - дейді Анара.
Скриншот: Threads
Әйелдің айтуынша, үйге келген соң құстың денесі сәл жылыған, бірақ ол бәрібір жем жеуден бас тартқан.
Кешкісін құсты орнитологқа көрсеткен. Тексеруден кейін құстың аяқтарында ісіктер бар екені белгілі болды, ал кейбір белгілер туберкулезге нұсқауы мүмкін.
Скриншот: Instagram
Қазіргі уақытта сауысқан маманның бақылауында. Оған антибиотиктер курсы тағайындалып, зақымдалған аяқтарын емдеу және тазалау шаралары жүргізіліп жатыр. Емдеу аяқталып, құс толық оңалғаннан кейін Анара оны еркіндікке жіберуді жоспарлап отыр.
Алматыда сауысқандар қайда мекендейді
Осыған қатысты орнитолог Виктория Ковшарьдан ақпарат алдық. Оның айтуынша, сауысқандар Алматының барлық дерлік жерінде кездеседі, бірақ сақтығынан көзге түсе бермейді.
Анықтама: Маман 1986 жылы бұл құстардың қала ішінде таралуына қатысты жеке зерттеу жүргізген.
"Сауысқандар биік ағаштардың басына, кейде тіпті қарбалас жолдардың үстіне шар тәрізді ұя салады. Бұл құстың өз экологиялық орны бар, олардың қалалық ортаға бейімделуіне көп жағдайда талғамай қоректенетіні көмектеседі", - деді Виктория Ковшарь.
Сондай-ақ орнитолог даладан құстарды үйге алу қауіпті болуы мүмкін екенін ескертті. Егер құс адамның қолына түссе, оны арнайы құралдармен жылытудың қажеті жоқ. Маманның айтуынша, егер құс тоңып немесе суланып қалса, оны құрғақ қорапқа салып, жылы бөлмеге қою керек. Құс кепкеннен кейін оған жем беріп, дереу маманның кеңесіне жүгінген абзал.
Айта кетейік, осы аптада тағы бір Алматы тұрғыны қиындыққа тап болған жануарға бейжай қарай алмады. Ер адам Сайранда батып бара жатқан итті құтқарып қалды. Құтқару сәті түсірілген кадрлар Казнетте кеңінен тарап, көптің ықыласына ие болды.