“Ол - еркек“: боксшы атышулы Олимпиада чемпионымен жекпе-жекке шығудан бас тартты
Хелиф пен Сарабия 15 желтоқсанда Париждегі бокс кеші аясында кәсіби жекпе-жек өткізуге тиіс болатын. Бұл Хелиф үшін Олимпиада ойындарындағы жеңісінен кейінгі алғашқы кездесу еді.
Алайда айқасқа үш апта қалғанда Сарабияның промоутерлері кездесу өтпейтінін мәлімдеді. Себебін былай қысқа қайырды: "Біз үшін боксшыларымыздың амандығы әрқашан бірінші орында".
Кейінірек Сарабияның менеджері Олимпиада чемпионы Хелифтің медициналық құжаттарын сұратқанымен, алжирлік тарап бұл өтінішті орындамағанын айтты. Сондай-ақ, менеджер спортшының денсаулығы туралы ақпарат сұрағаннан кейін тосын реакцияға тап болғанын алға тартты.
"Менің міндетім - боксшымның қауіпсіздігі мен мүддесін қорғау. Осы жағдайлардың бәрін ескеріп, жекпе-жекті тоқтату туралы шешім қабылдадым", – деді ол ad.nl басылымына.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
BoxingBelles (@boxingbelles) жарияланымы
Иман Хелиф тестостерон деңгейі жоғары болуына байланысты күдікке ілінді
Еске салайық, 2024 жылғы Париж Олимпиадасы кезінде Хелифке қатысты үлкен дау туындаған еді. Әйелдер арасындағы бокс жарысының 1/8 финалында италиялық Анджела Карини алжирлік боксшының сұрапыл күшіне шағымданып, жұдырықтасудан бас тартқан болатын.
Желіде Хелиф спорттағы нәтижесін жақсарту үшін жынысын ауыстырған деген айыптар айтыла бастады. Көптеген инфлюенсер, сонымен қатар, Дональд Трамп, Джоан Роулинг, Илон Маск "ол еркек" екенін айтып, боксшыны жарыстардан шеттетуді талап етті.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Иман Хелифтің жарияланымы (@imane_khelif_10)
Олимпиада Иман Хелифтің жеңісімен аяқталғаннан кейін боксшы жынысын ауыстырды деп айыптағандардың барлығын сотқа беретінін мәлімдеді.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Иман Хелифтің жарияланымы (@imane_khelif_10)
2025 жылы World Boxing ұйымы бокстан әлем чемпионатының қатысушылары генетикалық тест тапсыруға міндетті болатынын жариялады. Алжирлік боксшы бұл тесттен өтуден бас тартқандықтан, ол әлем чемпионатына жіберілмеді.
Кейінірек Спорттық төрелік сотының (CAS) баспасөз қызметі Хелиф World Boxing шешіміне қарсы апелляцияға бергенін хабарлады, алайда ол бәрібір турнирге қатыспай, кәсіпқой боксқа ауысты.
Алжирлік спортшының кәсіпқой рингтегі дебюті сәуірде өтуге тиіс еді, бірақ жекпе-жекке бірнеше күн қалғанда Хелифтің жарақатына байланысты тоқтатылды.
Олимпиада чемпионы боксқа қашан оралатыны әзірге белгісіз.