Астанада қар, Алматыда қар аралас жаңбыр жауады
Алдағы күндері Астанада қар жауып, боран мен қатты жел соғады, Алматыда қар аралас жаңбыр мен тұман болжанады. Екі қалада апта соңына дейін қолайсыз ауа райы болады, деп хабарлайды Tengrinews.kz Қазгидрометке сілтеме жасап.
Астанада қар жауып, боран соғады, көктайғақ болады
27 қарашада Астанада күн алабұлтты, қар жауып, жаяу бұрқасын, көктайғақ болжанады. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 9–14 метр, екпіні 15–20 метрге дейін жетеді. Түнде және таңертең желдің екпіні секундына 23–28 метрге дейін күшеюі мүмкін. Ауа температурасы тәулік бойы 0–2 градус аяз болады.
28 қарашада елордада тағы қар жауады, боран мен көктайғақ болжанады. Желдің екпіні секундына 17–22 метрге дейін жетеді. Температура 5–7 градус аязға дейін төмендейді.
29 қарашада да қар жауады, түнде боран соғуы мүмкін. Температура түнде 8–10 градус аяз, күндіз 5–7 градус аяз болады.
Алматыда қар аралас жаңбыр, тұман болжанады
Алматыда 27 қарашада күн алабұлтты, жаңбыр мен қар жауады, кей жерлерде қатты жауын-шашын мен тұман болжанады. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 3–8 метр, екпіні 15–20 метрге жетеді. Түнде температура +3…+5 градус, күндіз +5…+7 градус болады.
28 қарашада Алматыда күн алабұлтты болады. Түнде жаңбыр мен қар болжанады. Ауа температурасы түнде +2…+4 градус, күндіз +6…+8 градусқа дейін жылынады.
29 қарашада жауын-шашын тоқтайды. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 3–8 метрге жетеді. Температура түнде 0…+2 градус, күндіз +6…+8 градус болады.
Қазақстанда ауа райы күрт өзгереді
Бұған дейін синоптиктер алдағы күндері Қазақстанда ауа райы күрт өзгеретінін хабарлаған. Солтүстік-батыс циклонның әсерінен өңірлердің басым бөлігінде жаңбыр мен қар жауып, тұман, көктайғақ, желдің күшеюі болжанады. Апта соңына қарай бірқатар облыста күн суытады. Ауа райының толығырақ болжамын мына жерден оқыңыз.