Алтын киік
Махаббат мұңы деген осы болар. Елінің Күнін іздеп шыққан Өлместің асқақ көңілі жасығандай, аспандап кеткен арманына қолы жетпестей болып мұжыльш қалды.
Нөкерлері жуынып-шайынып, абыр-дабырмен ханзада шатырының алдына жиналғанда Өлмес басы салбырап, көсілген аяғын жинауға да ерініп, шатыр қадасына арқасын тірей салғырт отырған.
Өлмес?!
Ханзада?!
Оңынан туған күнді енді таптық па дегенде, мына отырысың не?!
Қайғырмашы, Өлмес! Өз Күнімізді де табармыз!
Бірі Өлместі құшақтап, бірі басын сүйеп үрпиісіп қалды. «Ескі жұртқа қондық па?» деп, түнеген жерлерінің құтты болмағанына шошыды.
Қайтамыз, — деп күбірледі Өлмес. — Қайтуға дайындалыңдар!
— Ыстық ас ішші, ханзада.
— Күнімізді іздеп шығып, орта жолдан қайтқанымыз ырымға жаман!...