Мен қалай жаздым
Орысша Успенский рудник зауытын жергілікті қазақтар «Нілді зауыты» дейді.
Алғаш өлең жазуды мен бала күнімде осы Нілді зауытында бастадым.
Нілді зауыты біздің ауылдан 50-60 шақырымдай жерде. Мен, жас бала күнімде, от басында отырғанымда, әкей «орысша үйреніп, хат біліп, мал табуды» арман қылып сөйлеп жүрді.
Бір күні, қыстың бас кезінде, көршілес ауылдан біздің ауылға Төлепберген ұстаның баласы Әкілдік деген жігіт келді. Әкілдік жалшылықта жүретін еді. Әкілдіктің мінгені түйе. Нілді зауытына барады екен.
Әкей маған: «Әкілдікпен бірге Нілдіге бар. Орысша тіл үйрен, орысша оқу үйрен!» деді.
Мен: «Жарайды!» дедім.
Әкілдікпен сөйлесіп, мені Әкілдіктің түйесінің артына мінгестіріп жіберді. Араға бір қонып, Нілді зауытына...