"Арман асулары" фестивалінің гала-концерті өтеді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды "Балалар жылы" деп жариялады. Мемлекет басшысы алдыңғы кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру мен әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралардың қолдану керектігін мәлімдеді. "Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы, бақытты балалық шағы - біздің жалпыұлттық міндетіміз. Бала тәрбиесі - елдің жарқын болашағының кепілі" деген болатын Қ.Тоқаев.
Осыған орай, "Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымы 12 қарашада ерекше қажеттіліктері бар дарынды балаларға арналған "Арман асулары" фестивалін өткізеді.
"Арман асулары" фестивалінің негізгі мақсаты - Қазақстанның барлық аймақтарынан ерекше қажеттіліктері бар талантты балаларды анықтау, шығармашылық қабілеттерін арттыру, дамытуға қажетті жағдай жасау және қолдау көрсету. Жоба "Би өнері", "Вокалдық өнер", "Аспапта орындау", "Әнді ым-ишарамен орындау" жанрлары және ұлттық нақыштағы сәндік киім үлгілерінің көрсетілімі бойынша өтеді.
Гала-концертте дарынды балалар Роза Рымбаева, Айжан Нұрмағамбетова, Құрмаш Махан, Азамат Жылтыркөзов, Салтанат Меңдіғалиева, Әлібек Әлмәдиев, Рухия Байдукенова, Дидар Әбдухалық, "Астана сазы" мемлекеттік фольклорлық ансамблі, "TURAN" фольклорлы-этнографиялық ансамблі, "Меломен" тобы, "Forte Trio", "Saz&Soul", Гүлдана Акимова (флейта) сынды "Қазақконцерттің" солистері, танымал өнер жұлдыздары мен шығармашылық топтарымен бірге сахнаға шығады. Сондай-ақ, "Qazaqstan" Орталық концерт залында фестивальге қатысушы балалардың бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер туындылары қойылады.
Фестиваль серіктестері республикалық маңызы бар қала және облыс әкімдіктері, "BI Жұлдызай" корпоративтік қорының қолдауымен Түркістан, Шымкент қалаларынан, Шығыс Қазақстан, Абай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарынан, Астана қаласындағы BINOM мектебі мен "Нұрлы жүрек" мектеп-интернатынан 150-ге жуық дарынды балалар қатысады. Өнерпаздар арасында халықаралық "BI Жұлдызай" байқауының, республикалық, облыстық балалар байқаулары және өнер фестивалдерінің жеңімпаздары мен лауреаттары бар.
Кеш қонақтары: Орта Азиядағы ең алғашқы "Қанаттылар" инклюзивті театры (жетекші Арнұр Искакова), Алтыншаш Мұқатаева (2022 Сочи байқауының жеңімпазы, халықаралық байқаулардың лауреаты) және жас әнші Севда.
Гала-концертте XVII "ЖҰЛДЫЗАЙ" фестивалінің лауреаты Рузахмет Валиевтің орындауында жаңа бейнебаянның тұсаукесері өтеді.
Іс-шара 14.30-да басталады. Келем деушілерге есік ашық!
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!