Жолшы болшы, жас түлек
Қазақстанда жол саласының маманы жоқ. Бұл жол құрылысының барлық дерлік деңгейінде байқалады деп толық сеніммен айтуға болады. Жолды жобалаудан бастап, оны салушы, қабылдап алушы, сапасын тексеретін инженер, лаборант қай-қайсын алмасақта маман жоқтың қасы. Республика бойынша барлық деңгейдегі әкімдіктер жанындағы жол құрылысына жауапты мамандардың тек 10 пайызында жол саласына қатысты білімі бар. Яғни, мердігердің жұмысын қадағалап, салынған жолды қабылдап алу кезінде әкімдік мамандары тарапынан олқылыққа жол берілу қаупі үлкен.
Осындай кемшіліктің орнын толтыру және жолшы деген құрметті мамандықтың мәртебесін одан сайын арттыру мақсатында ҚР ИИДМ "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" осыдан үш жыл бұрын "2000 мектеп" кәсіби бағдар беру бағдарламасын дайындап жүзеге асырып келеді. Бүгінгі күнге дейін респбулика бойынша мекетептерде 5 мыңнан астам таныстыру, үгіт-насихат дәрістері өткізілді. Осындай кезекті кездесудің бірі Астана қаласындағы №66 мектеп-лицейдің жоғарғы сынып оқушыларымен болды. Кездесуге "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК Бас директоры Зәмір Сағынов қатысып оқушыларды жолшы мамандығының қыр-сырымен таныстырды.
"Қазақстанда барлығы 157 мың шақырым тасжол бар. Оның 25 мыңы республикалық, 70 мыңы жергілікті және 62 мың шақырым көше жолдары. Бұл территориясы бойынша әлемде тоғызыншы орын алатын ел үшін өте төмен көрсеткіш. Бүгінде көлік саны да аз. Өйткені АҚШ- та 100 адамға - 89, Польшада -77, Алманияда - 62 автокөліктен келеді. Экономика дамып, елдің әл-ауқаты артқан сайын көлік саны да көбейеді, яғни жол құрылысына сұраныс көбейеді. Бұл алдағы уақытта маман тапшылығы көрсеткіші артатынын байқатса керек", - дейді Зәмір Сағынов.
Мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беріп, жолшы мамандығына тарту жұмыстарынан бөлек Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы жоғары оқу орындары мен колледж студенттерімен де тығыз жұмыс атқарып келеді. Соңғы үш жылда ЖАҰСО филиалдары мен Астанадағы орталығында 150 студент ақылы іс-тәжірибеден өтті. Оларға айына 80 000 мың теңге төленген. Биыл енді 100 мың төлеу жоспарланып отыр. Тәжірибеден өткен 18 жас жұмысқа орналысты. Жаңа орналасқан лаборанттың орташа жалақысы 600 000 теңге. Ал инженерлер айына 750 000 теңге алады.
"Мәселе балалардың дені бүгінгі күні еңбек нарығында қай мамандықтар сұранысқа ие екенін нақты білмейтіндігінде. Көбі экономист пен заңгер мамандығын таңдайды, десе де бүгінгі заманның талабы басқаша. Дәл осы себептен біз мұндай кездесулерді қос қолдап қолдаймыз, себебі олар болашақ абитуриенттерге бағыт алып, нақты мамандықтар туралы толыққанды ақпарат алуға көмектеседі", - дейді №66 мектеп-лицейдің Нұржамал Омарова.
Мектептегі кездесу оқушылардың да көңілен шықты. Олардың арасында жолшы мамандығына қызығып Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының жұмысымен тереңірек танысуға өтініш білдіргендер де бар. ЖАҰСО өз тарапынан ашық есік күндерін өткізіп жол құрылысна пайдаланылатын барлық құрылыс материалдарының сапасын тексеретін лаборатория жұмысымен таныстыруға дайын екендерін айтады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!