Президент цифрлық Қазақстанның болашағына қатысты өз пайымын бөлісті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде сөйлеген сөзінде Қазақстан цифрлық ел болуды көздеп отырғанын, бұл – еліміздің алдында тұрған стратегиялық мақсат екенін айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы биыл Қазақстанда "Цифрландыру және жасанды интеллект жылы" деп жарияланғанын атап өтті. Астанада Alem.ai жасанды интеллект орталығы ашылды. Сондай-ақ екі суперкомпьютер іске қосылды. Келесі қадам – "Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын" құру.
"Бұл жоба аймақ елдеріне жетекші технологиялық компаниялар мен жаһандық цифрлық капиталды тартуға зор мүмкіндік бермек", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды аймақтық хаб ретінде дамыту үшін көші-қон үдерісін оңтайландыру басталғанын айтты. Сондай-ақ шетелден келген кәсіпкерлерге, инвесторларға, білікті мамандарға арналған "Алтын виза" енгізілді. Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай виза алған адамдар мемлекеттік және қаржылық қызметтерге Қазақстан азаматтарымен тең дәрежеде қол жеткізе алады.
Мемлекет басшысы елімізде Цифрлық кодекс қабылданғанын, Жасанды интеллект туралы заң күшіне енгенін атап өтті.
Сонымен қатар білім саласындағы цифрлық инфрақұрылымды дамыту және озық технологияны меңгерген педагогтерді даярлау мәселесіне, білім беру жүйесін әр оқушының қабілетіне сай бейімдеу, олардың дербес деректерін қорғау ісіне ерекше мән беріліп отыр.
"Осы мақсатпен мен жақында Жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл да Қазақстанның болашағы үшін жасалған өте маңызды қадам деп айтуға болады", - деді Мемлекет басшысы.
Президент алдағы уақытта еліміздің цифрлық даму бағдарын айқындайтын Digital Qazaqstan стратегиясы бекітілетінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда Алматыда Тұрақты дамуға ықпал ететін цифрлық шешімдер орталығы ашылғанын атап өтті. Бұл бастама Біріккен Ұлттар Ұйымының аймақтық экономикалық және әлеуметтік комиссиясының қолдауымен жүзеге асырылады.
Мемлекет басшысы Қазақстанға тілектестік танытып, осы жобаның тең авторлары ретінде бұл жұмысқа мол үлес қосқан елдерге алғыс айтты.
Сонымен қатар Президент наурызда Түркі кеңесі сарапшыларының қатысуымен Шымкентте "Жасанды интеллект және цифрлық даму" халықаралық конференциясы өткенін еске салды. Оның айтуынша, бұл іс-шара елдеріміздің осы саладағы ынтымақтастығы мен мүдделестігін айқын көрсетті.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!