Қытай Айға робот-иттерді жіберуі мүмкін: оларға бірнеше міндет жүктеледі
Қытайлық мамандар Халықаралық ай зерттеу станциясында (ILRS) төрт аяқты роботтарды пайдалану идеясын қарастырып жатыр. Олар базаны күзетіп, техникалық тексеріс жүргізе алады, ғылыми жұмыстарға қатысып, инфрақұрылым құрылысына көмектеседі.
Мұндай машиналардың дөңгелекті платформалардан айырмашылығы - бұдырлы жерлерде жүру мүмкіндігі жоғары, тастар мен шағын кедергілерден оңай өте алады. Бұл оларды Айдағы жұмысқа барынша қолайлы етеді.
ILRS-тің негізгі инфрақұрылымын 2035 жылға қарай қалыптастырып, ал 2045 жылға қарай Ай беті мен орбитасындағы нысандардың кеңейтілген жүйесін орналастыру көзделген.
Роботтар ай топырағы мен тау жыныстарының үлгілерін жинап, жергілікті жерді зерттей алады және тәжірибелер кезінде экипажға қолғабыс етеді. Сондай-ақ үш робот пен үш ғарышкердің міндеттерді өзара бөлісіп, бірлесе жұмыс істеу сценарийі де қарастырылып жатыр.
Болашақта төрт аяқты машиналарға су мұзы мен минералды ресурстарды өндіру, материалдарды тасымалдау және жергілікті шикізаттан конструкциялар жасау жұмыстары тапсырылуы мүмкін. Роботтар теориялық тұрғыда температура мен ауа көрсеткіштерін бақылап, тазалықпен айналыса алады, өсімдіктерді күтіп-баптап, тамақ дайындауға көмектеседі.
Роботтарды ғарышкерлермен тілдесіп, интерактивті көмекші рөлін атқаруы үшін дауыстық интерфейстермен жабдықтау ұсынылған. Авторлардың пікірінше, мұндай өзара әрекеттесу Жерден жырақтағы ұзақ экспедициялар кезінде экипаждың психологиялық жүктемесін азайтуға септігін тигізеді.
Басты мәселе - Ай жағдайындағы автономды жұмыс. Қазіргі машиналық көру және навигация жүйелерінің көбі Жердегі мәліметтер негізінде оқытылған, алайда Ай бетінің жарықтануы, бедері, температурасы мен физикалық жағдайлары мүлдем бөлек. Сондықтан роботтарға арнайы алгоритмдер, датасеттер және қосымша дайындық қажет болады.
Негізгі аудандардың бірі ретінде оңтүстік полюс таңдап алынады. Ондағы үнемі көлеңке түсіп тұратын кратерлерде су, оттегі және зымыран отынының компоненттерін өндіруге жарамды қомақты су мұзының қоры болуы мүмкін. Бұл базаның Жерден келетін тасымалға тәуелділігін азайтады.