Трамп Иранға жауап ретінде қатаң талаптар қойды
Сенбіде, 8 тамызда Иран Жоғарғы ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Мохаммад Бакер Золкадр АҚШ-тан ирандық порттарды теңіз қоршауынан босатуды, санкцияларды жоюды, бұғатталған ирандық активтерді қайтаруды және соғыс салдарынан келген шығынды өтеуді талап етті.
Оның айтуынша, Вашингтон Тегеранға қатысты саясатын өзгертпейінше, Ормуз бұғазы ашылмайды.
Дүйсенбіде, 10 тамызда Иран СІМ ресми өкілі Исмаил Багаи де америкалық тараптан "заңсыз әрі қиратқыш әрекеттері" үшін шығынды өтеуді талап етті.
Трамп өз кезегінде Ираннан соғыс барысында келген шығындарын өтеуді талап етті.
"Иран Ислам Республикасының өкілдері кейінгі бес айлық әскери қақтығыс кезінде (бұл соғыс Иранның ядролық қаруға ие болмауы тиіс екендігінен басталды) келтірілген зиян үшін өтемақы талап етіп жатқанын көріп отырмын, бірақ біздің ешбір келіссөздерімізде немесе кездесулерімізде бұл туралы ешқашан айтылған емес!
Бірақ бұл қызық идея екен, өйткені мен де енді Ираннан генерал Сулейманидің әрекеттерінен бастап, өздерінің жағымсыз атымен танылған көптеген қақтығыстарда және жол бойына қойылған жарылғыш құрылғылар арқылы өлтірілген және ауыр жараланған барлық адам үшін өтемақы талап етемін. Сондай-ақ әңгіме АҚШ-тың USS Cole әскери кемесінде қаза тапқандардың отбасылары мен ұрыс қимылдарында мерт болған мыңдаған басқа да адамдар туралы болып отыр.
Бұдан бөлек, Иран кейінгі 50 жылда өлтірген жүз мыңдаған жазықсыз наразылық білдірушілердің отбасыларына, сондай-ақ кейінгі бес айда қаза тапқан 52 мың адамды айтпағанда, өтемақы төленуі тиіс. Мен өз өкілдеріме бұл талапты кез келген болашақ келіссөздерге нық түрде қосуды тапсырдым", - деп жазды Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Бұған дейін Трамп Ормуз бұғазын ашуды және ядролық бағдарлама бойынша уағдаластықтарды қамтитын реттеу туралы алдағы мәмілеге байланысты Иранға жасалатын шабуылдарды тоқтатқан болатын. Иран СІМ Иран мен Оманның Ормуз бұғазы арқылы кемелердің өту бағытының географиялық егжей-тегжейін келіскенін хабарлады.