Анталья - Астана ұшағында жанжал шығарған қазақстандық 10 тәулікке қамауға алынды
Анталья – Астана бағытындағы әуе рейсінің жолаушыларының бірі ұшақ бортында жанжал шығарды. Мас күйінде болған ер адам өзін агрессивті ұстап, балағат сөздер айтқан және өзге жолаушыларға кедергі келтірген, деп хабарлайды Tengrinews.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Әуе кемесі Астана әуежайына қонғаннан кейін жолаушы көлік полициясы қызметкерлеріне тапсырылды. Тексеру барысында құқық бұзушының елорданың 44 жастағы тұрғыны екені анықталды.
Алайда ұшақ қонғаннан кейін жағдай ушыға түсті. Полиция бөлмесіне жеткізу кезінде ер адам қызметкерлердің заңды талаптарын орындаудан бас тартып, қарсылық көрсеткен. Соның салдарынан полицейлер ер адамның қолына күштеп кісен тағуға мәжбүр болған.
Тексеру қорытындысы бойынша жолаушы алкогольдік ішімдіктер ішкені немесе қоғамдық орындарда мас күйінде жүргені үшін жауапқа тартылды. Сонымен қатар ұсақ бұзақылық және құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау фактілері бойынша материалдар сотқа жолданды.
Істі қарау нәтижесінде сот ер адамды кінәлі деп танып, оған 10 тәулік мерзімге қамаққа алу жазасын тағайындады.
Көліктегі полиция департаменті әуе кемесі бортында тәртіп сақтау – бұл ең алдымен барлық жолаушы мен экипаждың қауіпсіздігі екенін еске салады. Экипаж жұмысына кедергі келтіретін немесе айналадағыларға қауіп төндіретін кез келген әрекеттің соңы ауыр болуы мүмкін. Ұшу қауіпсіздігі тек экипаж бен әуежай қызметкерлеріне емес, сонымен қатар әрбір жолаушының мінез-құлқына да байланысты.