“Кепілдік бере алмаймын“: Отбасы банк басшысы тұрғын үй кезегіне қатысты дауға жауап берді
Отбасы банк басшысы Ләззат Ибрагимова сыйақыға тұрғын үй кезегінде клиенттерді заңсыз алға жылжытты деп айыпталған банк қызметкерлеріне қатысты жағдайға пікір білдірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұған дейін банк қызметкерлері тарапынан клиенттер мен делдалдарға заңсыз көмек көрсету жағдайлары туралы белгілі болған еді. Атап айтқанда, мәселе клиенттерді тұрғын үй кезегінде алға жылжытуға және несие алу үшін құжаттарды өзгертуге қатысты болып отыр.
Үкіметте өткен брифинг барысында журналистер Ибрагимовадан осындай әрекеттер салдарынан кезегі жылжып кеткен адамдарға өтемақы қарастырылған ба деп сұрады.
Банк басшысы жылдық есепте көрсетілген заңбұзушылықтар клиенттер мен делдалдарға жәрдемдескені үшін қызметкерлерге заңсыз сыйақы берудің анықталған жағдайларына қатысты екенін айтты. Бұл ретте ол кезекте алға жылжытуға қатысты нақты жағдайды жалғыз оқиға деп атады.
Ибрагимованың айтуынша, оқиға 2025 жылдың сәуір-мамыр айларында болған. Тұрғын үй кезегінде тұрған клиент өз санатын "мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыға" өзгерткен. Бұл оған неғұрлым жеңілдетілген шарттарға үміткер болуға мүмкіндік берген.
"Бұл біз үшін үлкен сабақ болды: цифрландыру кезінде ауқымды жұмыс атқару қажеттігін, соның ішінде барлық цифрлық із қалатынын - кімнің, қай логинмен кіргенін және не істегенін көруге болатынын түсіндік", - деді Ибрагимова.
Оның айтуынша, нәтижесінде банк екі қызметкермен еңбек шартын бұзған. Олардың бірі өңірлік филиалда жұмыс істесе, екіншісі Отбасы банктің орталық аппаратында бизнес-сарапшы болған.
Анықталған барлық дерек бойынша банк қызметкерлерді қылмыстық жауапқа тарту туралы арыз жолдады. Полиция қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
"Несие шартына қол қою кезеңінде бөлінген пәтер тоқтатылып, кері қайтарылды және ол тұрғын үйді бөлу процесіне қайта қатысты", - деп хабарлады Отбасы банк төрағасы.
Сондай-ақ Ибрагимова Отбасы банк жемқорлық пен алаяқтыққа мүлдем төзбеушілік принципін ұстанатынын атап өтті. Дегенмен ол болашақта мұндай жағдайларды толықтай жоққа шығару мүмкін емес екенін мойындады. Оның айтуынша, егер клиент заңсыз сыйақы талап етілгені туралы хабарласа, банк қызметтік тергеу жүргізеді.
"Мен үстел басында отырып сізге қызмет көрсететін адамның өз қызметі үшін қандай да бір сома сұрамайтынына жеке кепілдік бере алмаймын. Бірақ мұндай фактілер бойынша жүгінсеңіз, банкте қызметтік тергеу жүргізіліп, кінәлілер жазасын алатынына кепілдік беремін", - деді Отбасы банк басшысы.
Ибрагимованың сөзінше, әрбір анықталған заңбұзушылықтан кейін банкте заңбұзушылықтың қалай мүмкін болғанын және мұндай жағдай қайталанбауы үшін не істеу керек екенін түсіну үшін бизнес-процеске талдау жасалады.
Мысал ретінде ол туыстар арасындағы депозитті қайта рәсімдеуді келтірді. Мұндай операция үшін туыстық байланысты растау қажет, ал мәліметтер сәйкес келмеген жағдайда тиісті құжаттарды ұсыну керек.
"Қазір бұл процесс біртіндеп автоматтандырылған форматқа ауыстырылып жэатыр. Тексеруге қажетті деректер eGov.kz пен "Жеке тұлғалар" мемлекеттік деректер қорынан алынады, содан кейін жүйе ақпаратты салыстырады", - деп атап өтті ол.
Сонымен қатар процеске жасанды интеллект технологиялары енгізіліп жатыр. Олар туыстардың тегі немесе басқа да деректері өзгеше болған жағдайда да туыстық байланысты автоматты түрде анықтай алады.
"Бұл цифрландыру осындай құқықбұзушылықтардың немесе алаяқтық әрекеттердің пайда болу себебінің тамырына балта шабады", - деп есептейді Ибрагимова.
Бұған дейін Отбасы банк қызметкерлері тұрғын үй кезегіндегі орындарды сатқаны және жалған анықтамалар рәсімдегені белгілі болған еді. Банктің жеке есебіне сәйкес, 2025 жылы тұрғын үй кезегінде клиенттерді заңсыз жылжытуға және қарыз рәсімдеу үшін құжаттарды қолдан жасауға қатысты құқықбұзушылықтар анықталған.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың тамызында Отбасы банктің бұрынғы қызметкері жемқорлық пен банк жұмыскерлерінен заңсыз ақша жинау туралы шағымынан кейін оны жұмыстан шығарып жібергенін мәлімдеген болатын.