Тағы бір ел Еуропалық Одаққа мүше болуы мүмкін: Исландияда референдум өтіп жатыр
Бүгін, 29 тамызда Исландияда жалпыхалықтық референдум өтіп жатыр. Ел азаматтары Исландияның Еуропалық Одаққа мүше болуы жөніндегі келіссөздерді қайта бастау керек пе деген сұраққа жауап береді, деп хабарлайды Tengrinews.kz исландиялық БАҚ-қа сілтеме жасап.
Исландияның RÚV ұлттық хабар таратушысының мәліметінше, дауыс беру бүкіл ел бойынша ұйымдастырылған. Референдумға қойылған сұрақ та барынша нақты: "Исландияның Еуропалық Одаққа мүшелігі жөніндегі келіссөздер жалғасуы керек пе?".
Мәселенің тарихы
Референдум өткізу туралы ресми шешімді Исландия парламенті мақұлдаған. Ел үкіметі бұл мәселені жалпыхалықтық дауысқа шығаруды ұсынған.
Билік Брюссельмен келіссөздер тоқтатылған уақыттан бері әлемдегі геосаяси және экономикалық жағдай айтарлықтай өзгергенін алға тартқан.
Исландия ЕО-ға мүше болуға алғаш рет 2009 жылы, ауыр қаржылық дағдарыстан кейін өтінім берген. Алайда 2013 жылы балық аулау квоталары мен ұлттық егемендікке қатысты келіспеушіліктер салдарынан бұл процесс тоқтатылған.
Дауыс беру нені шешеді?
Қазіргі референдум Исландияны Еуропалық Одаққа автоматты түрде кіргізбейді.
Егер тұрғындардың басым бөлігі "иә" деп дауыс берсе, үкіметке Брюссельмен келіссөздерді қайта бастауға саяси мандат беріледі.
Ал егер келіссөздер қайта жанданып, тараптар Исландияның ЕО-ға мүшелік шарттары жөнінде ортақ келісімге келсе, соңғы шешім тағы бір жалпыұлттық референдумға шығарылады.
Дауыс беру қарсаңында жарияланған әлеуметтік сауалнамалар исландиялықтардың пікірі екіге бөлінгенін көрсетті.
ЕО-ға жақындасуды қолдайтындар мұны қаржылық тұрақтылықпен және ұлттық валюта мәселесімен байланыстырады. Ал қарсы тарап елдің балық ресурстарына бақылауды жоғалтып алудан және ұлттық дербестіктің әлсіреуінен қауіптенеді.
Бұған дейін Еуропалық Одаққа қосылу жоспары туралы Армения да мәлімдеген болатын.
Премьер-министр Никол Пашинянның айтуынша, ел ЕО-ға мүшелікке өтінім беруге дайындықты бастайды. Өтінім берілгеннен кейін Ереван Еуропалық Одақтың жауабы мен жол картасын алуды күтеді. Осыдан кейін ғана Армения алдағы қадамдарын айқындайды.