Мәди Такиев қаржы министрі лауазымына тағайындалды
Мәди Такиев қаржы министрі лауазымына тағайындалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Мәди Төкешұлы Такиев Қазақстан Республикасының Қаржы министрі лауазымына тағайындалды", - делінген ақпаратта.
Осылайша, Мәди Такиев 2024 жылдың ақпан айынан бері атқарып келе жатқан қызметін сақтап қалды. Үкіметке келгенге дейін ол Мәжіліс депутаты болды және Қаржы және бюджет комитетін басқарды.
Мәди Такиевтің өмірбаяны
Мәди Такиев 1978 жылы 1 сәуірде Алматы облысы, Балқаш ауданы, Бақанас ауылында дүниеге келген.
Ол Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бухгалтерлік есеп және аудит мамандығы бойынша және Д. Қонаев атындағы гуманитарлық университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген. Сондай-ақ Халықаралық бизнес университетінде бизнес әкімшілігі магистрі дәрежесін алған.
Еңбек жолын 1998 жылы Ғылым министрлігі – Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтында бас бухгалтер болып бастады. 2000 жылдан 2013 жылға дейін Салық комитетінде әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеді.
2013 жылдан 2014 жылға дейін Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Салық және кеден саясаты департаментін басқарды. 2014 жылдан 2017 жылға дейін Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кіріс департаментін, содан кейін Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс комитетінің Салықтық бақылау департаментін басқарды.
2019 жылдан 2020 жылға дейін ұлттық экономика вице-министрі қызметін атқарды. 2020 жылдан 2023 жылға дейін Президент әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімін басқарды.
2023 жылы ол Мәжіліске сайланды және Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болды. 2024 жылдың ақпан айында ол Қазақстанның қаржы министрі болып тағайындалды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!