Қазақстандықтар депозиттерде 30 триллион теңге жинаған: бұл нені білдіреді?
Қазақстандықтардың депозиттердегі жинағы 30 триллион теңгеге жетті - бұл үш жарым жыл бұрынғы көрсеткіштен 77,5 пайызға артық. Мұндай мәліметтерді Tengrinews.kz редакциясына Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) ұсынды.
Экономист Қуаныш Жайықов бұл қаражаттың қалай бөлінгенін, неге жалпы соманың үштен біріне жуығы ірі шоттарда шоғырланғанын және мөлшерлемелер төмендеген жағдайда жинақтарды не күтетінін түсіндіріп берді.
30 триллион теңге қайдан шықты?
ҚДКБҚ мәліметінше, 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша екінші деңгейлі банктердегі жеке тұлғалардың депозит көлемі 30 триллион теңгеге жеткен. 2023 жылғы 1 қаңтарда жинақ көлемі 16,9 триллион теңге болған еді. Кейіннен бұл сома өсуін тоқтатпай, келесідей деңгейге жетті:
2024 жылғы 1 қаңтарда - 20,4 триллион;
2025 жылғы 1 қаңтарда - 24,5 триллион;
2026 жылғы 1 қаңтарда - 28,1 триллион теңге.
Осылайша, 3,5 жыл ішінде депозит базасы 13,1 триллион теңгеге немесе 77,5 пайызға артты.
Қуаныш Жайықовтың түсіндіруі бойынша, бұл өсімнің басым бөлігі - қазақстандықтар банкке жаңадан әкелген қаражат емес, есептелген пайыздар.
Сарапшының шамаланған бағалауы бойынша, базалық мөлшерлеме 14–18 пайыз дәлізінде болғанда, теңгелік депозиттер орта есеппен жылдық 14 пайыз табыс әкелген. Барлық салымның шамамен 75 пайызы теңгеде болғанын ескерсек, банктер осы уақыт ішінде клиенттеріне шамамен 7,9 триллион теңге пайыз есептеуі мүмкін. Егер есептелген пайыздарды бөлек қарастырсақ, депозиттерге құйылған жаңа қаражаттың таза ағыны шамамен 5 триллион теңге болған.
Экономист Қуаныш Жайықов / Суретті Қуаныш Жайықов ұсынды
"Жағдайды жоғары базалық мөлшерлеме арқылы пайыздық өтемақы деп атаған дұрыс болар еді. Мұндай мөлшерлемелер кезінде депозит массасы қар кесегі сияқты өздігінен өсе береді", - деп түсіндірді ол.
Экономистің пікірінше, валюта бағамының әсері айтарлықтай болған жоқ. Қарастырылып отырған кезеңде доллар шамамен 468 теңгеден 488 теңгеге дейін қымбаттады, яғни небәрі 4 пайызға ғана өсті. Сонымен қатар, валюталық салымдардың үлесі 34 пайыздан 20 пайызға дейін қысқарды.
Бұл ақша кімдерге тиесілі?
ҚДКБҚ нарықты шартты түрде үш сегментке бөледі:
жаппай - қалдығы 15 миллион теңгеге дейінгі шоттар;
орташа - 15 миллионнан 50 миллионға дейін;
ірі - 50 миллион теңгеден жоғары.
Жаппай сегментке 14,8 триллион теңге немесе барлық депозит базасының 49,3 пайызы тиесілі.
Қалдығы 15 миллионнан 50 миллионға дейінгі шоттарда тағы 5,7 триллион теңге немесе 19,2 пайыз сақталған.
Әрқайсында 50 миллион теңгеден аса қаражат бар ірі шоттарда 9,5 триллион теңге шоғырланған - бұл банктердегі жеке тұлғалардың барлық ақшасының 31,5 пайызы.
Бұл ретте мұндай шоттардың үлесі олардың жалпы санының небәрі 0,02 пайызын құрайды (шамамен әрбір 10 000 шоттың екеуі), бірақ еліміздегі бүкіл депозит базасының үштен біріне жуығы дәл осы шоттарда жинақталған.
Алайда экономист 0,02 пайыздық көрсеткішке сақтықпен қарауға шақырады. Мәселе мынада, ҚДКБҚ адамдарды емес, шоттарды есептейді. Ал бір салымшының бір немесе бірнеше банкте бірнеше депозиті болуы мүмкін. Сонымен қатар, жалпы статистикаға қалдығы нөлге тең көптеген шот та кіреді.
"Шоғырлану шынымен де бар, бірақ методологияның ерекшелігіне байланысты 0,02 пайыздық көрсеткіш жағдайды тым әсірелеп көрсетеді", - деп түсіндірді Жайықов.
Сарапшының айтуынша, мұндай шоғырлану тек Қазақстанға ғана тән емес. Табысы төмен және орташа адамдар табысының көп бөлігін күнделікті қажеттіліктерге жұмсайды, ал дәулетті азаматтар табысының едәуір бөлігін жинай алады.
Бұл сома қазақстандықтардың шынайы жинағын көрсетпейді: неге?
ҚДКБҚ-да жекелеген салымшылар бойынша емес, банктік шоттар бойынша статистика бар. Сондықтан 30 триллион теңге жүйедегі ақшаның жалпы көлемін көрсеткенімен, нақты бір адамның немесе отбасының жинағы туралы ештеңе айтпайды.
Қуаныш Жайықовтың пікірінше, халықтың шынайы қаржылық жағдайын бағалау үшін жинақтарды тек адамдар бойынша емес, үй шаруашылықтары бойынша есептеген дұрыс болар еді.
Ақшаның неғұрлым дәл бөлінісін медиана көрсеткіші көрсете алады. Оны есептеу үшін бос емес шоттардың барлығын қалдық мөлшеріне қарай - ең кішісінен ең ірісіне дейін тізіп шығып, тура ортасындағы мәнді табу керек.
Мысалы, егер бес шотта 10 мың, 20 мың, 30 мың, 100 мың және 10 миллион теңге жатса, онда медиана 30 мың теңге болады. Ал орташа қалдық бір ірі салымның кесірінен 2 миллионнан асып кетеді. Сондықтан медиана типтік шоттағы жинақ көлемін жақсырақ көрсетеді және жекелеген ірі сомалардың әсерінен бұрмаланбайды.
Алайда ҚДКБҚ депозиттің медианалық мөлшерін атамады: қордың есептілігінде қажетті детальдар көрсетілмеген. Сонымен қатар, шоттар бойынша медианалық көрсеткіш те ортастатистикалық салымшының жинағын көрсете алмас еді, өйткені, жоғарыда айтылғандай, бір адамның бірнеше депозиті болуы мүмкін.
Қор бір қазақстандықтың ең ірі депозиті туралы ақпаратты та бөліспеді, өйткені мұндай мәліметтер банктік құпияға жатады.
Қай өңірде ең көп сома сақталған?
Банк шоттарындағы орташа қалдықтар өңірге байланысты айтарлықтай ерекшеленеді.
Нөлдік шоттарды есепке алғандағы ең жоғары көрсеткіш Алматыда - 201 133 теңге болып тіркелді. Ең төменгі көрсеткіш - Түркістан облысында, мұнда бір шотта орташа есеппен 52 496 теңге жатыр, яғни төрт есеге жуық аз.
Алайда бұл сандарды екі өңір тұрғындарының әл-ауқатындағы айырмашылық ретінде тікелей қабылдауға болмайды. Көрсеткішке ашылған шоттардың саны, соның ішінде бос шоттар да әсер етеді, сонымен қатар бір адам бірден бірнеше банктің қызметін пайдалануы мүмкін.
Өңірлерді медианалық депозиттер немесе тек бос емес шоттардың орташа мөлшері бойынша салыстыру мүмкін емес - ҚДКБҚ-да мұндай статистика да жоқ.
Неге қазақстандықтар бір уақытта әрі ақша жинап, әрі несие алады?
Депозиттердегі жинақтармен қатар, қазақстандықтар несие де алған. Жайықовтың пікірінше, негізгі жинақтар мен қарыздар, сірә, халықтың әртүрлі топтарында шоғырланған. Сонымен қатар, экономист бір адамның бір уақытта депозитте жинақ сақтап, әрі несие немесе бөліп төлеуді пайдалануы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Пайызсыз бөліп төлеу бүкіл соманы бірден бермеуге, ал ақшаны депозитте сақтап, сыйақы алуды жалғастыруға мүмкіндік береді.
"Пайыздар капитализацияланып жатқанда, ақшаны депозитте ұстап, несиені ай сайын өтеп отыру тиімдірек. Бұдан бөлек, адамда ауырып қалған жағдайда, жөндеу жұмыстарына немесе басқа да күтпеген шығындарға арналған ақша қоры сақталады", - деп түсіндірді ол.
Неге ақша әлі де валютада сақталады?
Жалпы депозиттік базаның шамамен 5,9 триллион теңгесі шетел валютасындағы салымдарға тиесілі. Бұл банктердегі жеке тұлғалардың барлық ақшасының шамамен бестен бір бөлігі.
Жайықовтың есептеуі бойынша, соңғы 3,5 жылда валюталық салым иелері ақшасын теңгемен ұстағандардан айтарлықтай ұтылды. Пайыздар мен бағамның өзгеруін есепке алғанда, валюталық депозиттердің кірістілігі шамамен 7,6 пайыз, ал теңгелік депозиттердікі - шамамен 58 пайыз болуы мүмкін еді.
Сарапшының айтуынша, нарық кірістіліктегі айырмашылыққа әлдеқашан жауап қатты: 3,5 жыл ішінде валюталық депозиттердің үлесі 34 пайыздан 20 пайызға дейін қысқарды. Экономист қалған валюталық жинақтарды қазақстандықтардың өткендегі девальвациялар туралы естеліктерімен түсіндіреді.
Таяу уақыттағы шығындар үшін экономист теңгелік депозитті қолайлырақ деп санайды, ал ұзақ мерзімді артық қаражатты басқа валюталық құралдарда қарастыруды ұсынады.
Барлық салымшы ақшасын алғысы келсе, не болады?
Депозиттегі ақша банк қоймасында иесі оны алып кеткенше күтіп жатпайды. Банк үшін депозит - бұл клиент алдындағы қарыз және сонымен бірге қорландыру көзі. Ол салымшыға сыйақы төлейді, ал тартылған қаражатты жоғары мөлшерлемемен орналастырады: несие береді, мемлекеттік бағалы қағаздарды, Ұлттық банктің ноталарын немесе басқа да рұқсат етілген активтерді сатып алады. Ақшаны тарту құны мен оны орналастыру кірістілігі арасындағы айырмашылықтан банк пайда табады.
Дәл осы себепті ешбір банк барлық салымшыға барлық қаражатты бір сәтте қайтара алмайды.
"Ақша таратылып қойған, оны тез арада жинақтау мүмкін емес. Банк ісінің мәні мен онымен байланысты тәуекелдер осында", - деді экономист.
Жайықовтың айтуынша, банк жүйесін қорғау үшін бірнеше механизм қарастырылған. Ең алдымен, банктер пруденциалдық нормативтерді сақтауға және өтімділік қорын ұстауға міндетті.
Анықтама: Пруденциалдық нормативтер - бұл қаржы нарығын реттеуші банктердің, микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) және басқа да қаржы компанияларының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және клиенттердің құқықтарын қорғау мақсатында олар үшін белгілейтін міндетті экономикалық шектеулері мен талаптары.
Бұдан бөлек, Ұлттық банк жүйелі дағдарысқа жол бермеу үшін, соңғы сатыдағы несие беруші ретінде әрекет етіп, төлем қабілеті бар банкке активтер кепілімен қаражат бере алады.
Сондай-ақ депозиттерге кепілдік беру жүйесі бар. Кепілдіктің максималды мөлшері мынадай:
20 миллион теңгеге дейін - теңгедегі жинақ депозиттері бойынша;
10 миллион теңгеге дейін - теңгедегі басқа депозиттер бойынша;
5 миллион теңге баламасына дейін - валюталық депозиттер бойынша.
ҚДКБҚ мәліметінше, егер бір адамның бір банкте бірнеше салымы ашылған болса, төлемді есептеу кезінде олар бірге ескеріледі.
Бір банктегі жалпы максималды кепілдік 20 миллион теңгеден аспауы керек. Бұл ретте қорғау әр банк бойынша жеке есептеледі.
ҚДКБҚ мәліметтеріне сәйкес, шоттардың тек 0,2 пайызы ғана кепілдіктің ең жоғары мөлшерінен асады. Дегенмен, бұл жерде мынаны есте сақтаған жөн: бұл жекелеген шоттар бойынша статистика, ал іс жүзіндегі төлем бір банктегі бір салымшыға есептеледі.
Мөлшерлеме төмендегеннен кейін де депозиттер неге өсіп жатыр?
Жақында базалық мөлшерлеме төмендегеніне қарамастан, депозиттер көлемі артып келеді. Экономист бұл жерде ешқандай қайшылық көріп тұрған жоқ.
Төмендеу салыстырмалы түрде жақында басталды, ал депозиттік мөлшерлемелер Ұлттық банк шешімдеріне кешігіп әсер етеді. Бұдан бөлек, көптеген қаражат үш айдан бір жылға дейінгі мерзімді салымдарға орналастырылып қойған және бұрын бекітілген табысты әкелуді жалғастырып жатыр.
Сонымен қатар, депозит массасы капиталдандыру есебінен де ұлғаяды: есептелген пайыздар негізгі сомаға қосылады, содан кейін сыйақы көбейтілген қалдыққа есептеледі.
"Мөлшерлеменің көлемі емес, нақты табыстылық, яғни мөлшерлеме мен инфляция арасындағы айырмашылық маңызды. Депозит инфляциядан сәл де болса жоғары табыс беріп тұрғанда, тәуекелсіз активтен жаппай кетудің мағынасы жоқ", - деп түсіндірді Жайықов.
Сарапшының болжамы бойынша, депозиттік мөлшерлемелер төмендеген күннің өзінде жаппай жылыстау болмайды - ақша біртіндеп басқа активтерге ауысады. Оның ішінде ең алдымен жылжымайтын мүлікке.
"Бұл жерде жорамал жасаудың қажеті жоқ: зейнетақы жинақтарын алудың нақты мысалы бар. Баспана алу немесе ақшаны кәсіби басқарушыларға аударудың арасында халық біріншісін таңдайды. Сонымен қатар, "бетонға" салынатын инвестиция да біркелкі болмайды - негізінен Астана мен Алматы қалаларына бағытталады", - дейді ол.
Жағдай тек депозиттік мөлшерлемелер инфляциядан айтарлықтай төмен түскенде ғана өзгеруі мүмкін, деп қосты экономист.
Сонымен қатар Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімін жариялауға дайындалып жатыр. Оның бұрынғы деңгейде қалатыны немесе өзгеретіні бүгін, 4 қыркүйекте белгілі болады. Толығырақ мына сілтемеден оқыңыз.