Қазақстандық әйел КамАЗ-бен соқтығысқан көлікте қысылып қалған: видео
Алматы облысында құтқарушылар жол-көлік оқиғасынан кейін көлікте қысылып қалған әйелді алып шықты, деп хабарлайды Tengrinews.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Жол апаты Қарасай ауданындағы Елтай ауылында болған. Жеңіл көлік пен КамАЗ соқтығысқан. Салдарынан әйел жеңіл автокөлік салонынан шыға алмай қалған.
ТЖМ жариялаған кадрлардан әйел көлік салонында қысылып қалып, қатты ауырсынуды сезінгенін байқауға болады.
Оқиға орнына ТЖМ республикалық "Барыс" құтқару қызметінің мамандары барды. Олар арнайы авариялық-құтқару жабдықтарының көмегімен зардап шеккен әйелді құтқарды.
Әйел жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды.
Еске сала кетейік, наурызда Жетісу облысында осыған ұқсас жағдай болған - ол кезде де құтқарушылар көлік ішінде қысылып қалған адамды шығарып алған еді. Бұл жол апатында бір жүк көлігі мен үш жеңіл автокөлік соқтығысқан. Екі адам зардап шекті.