Конькишілер барельефін тазарту: “Медеудегі“ қайта жаңғырту жұмыстары қалай жүріп жатыр?
2025 жылдың желтоқсанында жергілікті экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергенов мұз айдынын "реконструкциялауды бастауға" 15 миллиард теңге бөлінетінін мәлімдеген болатын.
Қала билігі мәліметінше, өзгерістер ең алдымен кешеннің сыртқы келбетіне емес, техникалық бөлігіне қатысты болады.
Мәселен, ауданы 10,5 мың шаршы метр болатын мұз айдынының технологиялық плитасын және салқындату жүйесін толық жаңарту жоспарланған. Жаңа жабдық тіпті плюс 15 градусқа дейінгі температурада мұздың сапасын тұрақты деңгейде сақтауға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, нысандағы инженерлік жүйелер де жаңғыртылады. Технологиялық процестерді автоматтандыру және жылумен жабдықтауды табиғи газға көшіру нәтижесінде энергия ресурстарын тұтыну 25–30 пайызға қысқарады деп күтіледі.
Құрылыс басқармасы жаңғыртудан кейін "Медеу" қонақүйін жаңарту жоспарланғанын, содан кейін ол бір уақытта 140-қа дейін спортшыны қабылдай алатынын хабарлады.
Сонымен қатар, қала шенеуніктері "Медеу" биік таулы мұз айдынын жаңғырту кезінде оның тарихи келбеті мен сәулеттік құндылығын сақтауға ерекше көңіл бөлінетініне сендірді.
4 қыркүйекте әлеуметтік желілерде спорт кешенінің келушілерін көптеген жылдар бойы қарсы алып келе жатқан, екі конькиші бейнеленген танымал барельефтегі жұмыстардың видеосы пайда болды. Көптеген алматылық оның өмір бойы қара түсті болғанын айтады. Алайда жұмысшылар оны қола түсті жылтырға дейін тазалап тастаған.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Tengri Almaty (@tengri.almaty) жарияланымы
Tengrinews.kz тілшісі әйгілі барельефтің қалай жаңартылып жатқанын және мұз айдынының жаңғыртылу барысын көру үшін Медеу шатқалына барды.
Конькишілер барельефі: әкімдік түсініктемесі
Бірақ алдымен, барельефті тазалау сәті түсірілген видео пайда болған күні редакция Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сауал жолдағанын айта кеткен жөн. Ондағылар барельефті реставрациялау Мәдениет және ақпарат министрлігінің тиісті комитетімен келісілген ғылыми-жобалық құжаттамаға сәйкес жүргізіліп жатқанын, ал бастапқы формасы, көркемдік шешімі мен материалы сақталатынын айтып сендірді.
"Екі конькиші бейнеленген барельеф 1972 жылы трибуналардағы ірі габаритті электртабломен бірге пайда болды. Жобаның бас сәулетшісі В.З. Кацевтің жоспары бойынша табло жалпы сәулеттік-көркемдік композицияның бір бөлігіне айналды. Оның артқы панелі суретшілер Я. Нимец пен В. Константинов жасаған түрлі-түсті металдан соғылған барельефпен безендірілді. Кейінгі жылдары металл беті бояумен қапталды. Қазір мамандар бұл туындының тарихи келбетін қалпына келтіріп жатыр", - деп сендірді әкімдіктегілер.
Tengrinews.kz тілшісі "Медеу" мұз айдынында 7 қыркүйек күні болды. Ол кезде барельефтегі жұмыстар әлі де жалғасып жатқан еді.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Бұл күні тазалау жұмыстарын бір өнеркәсіптік альпинист жүргізді.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Ол конструкцияны шүберекпен сүртіп, кейбір жерлеріне арнайы химиялық зат жағып жатты. Дегенмен бірнеше күн бұрын тазалау жұмыстары механикалық жолмен жүргізілген еді.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Қазір бүкіл композиция қола түсте жарқырап тұр. Тек әзірге қара күйінде қалып қойған кішкене ойықтар ғана ерекшеленіп тұр.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Конькишілер: қара түсті ме әлде қола ма?
Барельефтің реставрациясы туралы жаңалықтардан кейін алматылықтардың бәрі бірдей конькишілердің тарихи түсі қола болғанымен келісе қоймады. Мәселен, алматылық блогер Митя Байназаров 4 қыркүйекте Instagram парақшасында "Медеу" мұз айдыны пайдалануға берілген алғашқы жылдары түсірілген мұрағаттық видеолардан үзінді жариялады. Кадрлардан конькишілердің сол кездің өзінде қара түсті болғанын көруге болады.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Митя Байназаровтың жарияланымы | Алматыдан шыққан Pro Казахстан (@mityabainazarov)
Бұл ретте блогер барельеф қара бояумен боялмағанына және оның бетінде патина, яғни қола ескерткіштерге тән табиғи қабат болғанына сенімді.
"Реставрация кезінде барельефтегі патинаны тегістеуішпен алып тастады. 1973, 1975 және 1984 жылдардағы мұрағаттық кадрлардан конькишілердің бұрын қандай болғаны анық көрінеді. Спойлер: бүгінгідей жылтыр металл болған жоқ. Бұл жерде мәселе нәтиженің әдемі болған-болмағанында емес, реставрация нысанның тарихи келбетін осылайша өзгертуі керек пе дегенде", - деп жазды Байназаров өз парақшасында.
Анықтама: Патина - мыс пен оның қорытпаларының бетіндегі жұқа қабат немесе өң. Ескерткіштер мен барельефтер жасалатын қола - 85–95 пайызы мыстан тұратын қорытпа. Патинаның табиғи және жасанды түрлері болады. Біріншісі бұйымдарда немесе ескерткіштерде қоршаған ортаның әсерінен пайда болады, ал екіншісі - арнайы заттарды (әдетте құрамында қышқылдар мен тотықтырғыштар бар) жағу нәтижесінде түзіледі. Сонымен қатар, табиғи патиналар "асыл" және "жабайы" болып бөлінеді. "Асыл" патина тығыз болады және атмосферадан ылғалды аз сіңіреді. XX ғасырдың ортасына дейін "асыл" патина ескерткіш бетін жауып, оны одан әрі коррозиядан қорғайды деп есептелген. Ал "жабайы" патина қопсыған болады, ол атмосферадан ылғалды көп сіңіреді, ескерткіш бетіндегі мыс тұздар мен тотықтарға айналады, соның салдарынан ол уақыт өте келе пішінін жоғалтып, бұзылады.
Осыған ұқсас пікірді басқа да алматылықтар айтып жатыр. Олардың айтуынша, конькишілер бейнесі әрқашан қара түсті болған. Сондай-ақ ашық дереккөздерден барельефтің қала тұрғындарына үйреншікті архив суреттерін табуға болады.
70-жылдардағы "Медеу". Авторы: Muggmag. Дереккөз: Wikipedia. Фото қоғамдық игілік саналады
Әлем елдерінде қола ескерткіштерді реставрациялаудың әртүрлі тәсілдері қолданылатыны белгілі. Мысалы, Еуропада "асыл" патинаны сақтап қалуға тырысады. Суретші әрі ТМД-дағы металды реставрациялау бойынша санаулы мамандардың бірі Владимир Сориннің айтуынша, батыс сарапшылары ескерткіштердегі жасылдау қабатты уақыт ізі деп санайды, ал бұл автордың ойынан да құндырақ. Сонымен қатар Үндістан, Камбоджа, Лаос, Бирма, Таиланд және Шри-Ланкада патинаны әрқашан қолаға дейін тазалайды.
КСРО-да болса, ескерткіш реставрациядан кейін жап-жаңа болып көрінуі тиіс еді. Сондықтан барлық қола мүсіндердегі патина жуылып, оның орнына жасанды қара түсті жаңа қабат жағылатын. Ал беті балауызбен ысқыланатын. Алматыдағы және басқа қалалардағы көптеген қола ескерткіш сияқты, конькишілер барельефінің бастапқыда қара түсті болуының себебі де осы болуы мүмкін.
Мұз айдынын жаңғырту жұмыстары қалай жүріп жатыр?
Бұл уақытта "Медеу" мұз айдынының өзін реконструкциялау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жоғарыдан, бөгет жақтан қарағанда нысан осылай көрінеді.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Мұз айдынында қазір көптеген ауыр техника жұмыс істеп жатқаны байқалады. Құрылысшылар металл конструкцияларын дәнекерлеп, трибуналарды бетондап жатыр.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Сондай-ақ кешеннің басты таблосында да айтарлықтай өзгерістер болды - қазір ол толықтай бөлшектелген.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Жұмысшылар мұз айдынының жанында орналасқан ғимараттарда да жұмыс істеп жатыр. Кей жерлерде қабырғалар тегістелсе, кей жерлерде тіреулер сырланып жатыр.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Қызығы сол, кешен айналасындағы құрылыс қоршауларынан жөндеу паспорттарын көрмедік. Олар 2025 жылдың желтоқсанында, редакция "Медеуді" жаңғырту туралы алғашқы репортажын түсірген кезде де болмаған, қазір де жоқ.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
"Медеу" маңында не болып жатыр?
"Медеу" мұз айдыны айналасындағы жолдар да тауға жорық жасауды ұнататындар үшін мәз емес. Әйгілі денсаулық сатысына апаратын жол қазылған. Жолда қазір көптеген құрылыс техникасы тұр.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
"Шаң, батпақ, тыныс алу мүмкін емес. Мен тауға бұл үшін келмейтін едім", - дейді алматылық әйел.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Бірақ жер жұмыстары мұз айдынын реконструкциялаумен тікелей байланысты емес сияқты, өйткені мұндай көрініс "Шымбұлақ" тау шаңғысы курортына апаратын жолда да байқалады.
"Қонақтардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында Медеу - Тұйықсу жолында қозғалыс уақытша шектеледі. Бұл инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша жоспарлы жұмыстарды жүргізу үшін қажет. Жұмыстар инженерлік желілердің сенімділігін арттыруға және Шымбұлақ шатқалы (бұдан әрі - шатқал) аумағында орналасқан нысандардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған. Қозғалысты шектеу кестесі: 2026 жылғы 24 шілдеден 2026 жылғы 30 қарашаға дейін", - делінген кіреберістегі хабарландыруда.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Қазір тау жолындағы асфальт Шымбұлақтың өзіне дейін қазылып тасталған.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Егер осы жолмен жүрсеңіз, алдыңыздан міндетті түрде жұмысшылар мен ауыр техника шығады.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Кейбір жерлерде әлі де құбырлар жатыр, олар сірә жолдың қазылған учаскелеріне орнатылуы тиіс.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
"Медеу" бұған дейін қалай жөнделді?
"Медеу" Қазақстаннан тыс жерлерге де ауданы ең үлкен (10,5 мың шаршы метр) әлемдегі ең ірі биік таулы қысқы спорт кешені ретінде танымал.
Мұз айдыны 1972 жылы ашылды және содан бері үшінші рет жөндеуден өтіп жатыр. Іске қосылғаннан кейін ол алғаш рет 2001 жылдың қыркүйегі мен 2003 жылдың мамыры аралығында жаңартылды. Сол кезде мұз айдынына күрделі реконструкция жүргізіліп, оған бес миллион доллар жұмсалды: үш миллион республикалық бюджеттен, тағы екі миллион доллар муниципалдық бюджеттен бөлінді.
Сол жылдары қала әкімі Виктор Храпунов болды және ол мұз айдынының үстіне жылжымалы шатыр салу ниеті бар екенін мәлімдеген. Жобаның құны 7–8 миллион долларға бағаланған еді. Алайда бұл жоспарлар жүзеге аспады.
2008 жылдан 2009 жылдың желтоқсанына дейін, 2011 жылғы қысқы Азиада қарсаңында "Медеуде" екінші күрделі реконструкция жүргізілді. Бұл жұмыстарға 19,4 миллиард теңге жұмсалды.
Кейінгі жылдары мұз айдыны "Алматы қаласының спорттық құрылыстар дирекциясы" ЖШС басқаруында. Бұл компанияның құрылтайшысы - қалалық әкімдік жанындағы спорт басқармасы.
Бірақ не дирекция, не спорт басқармасы, не құрылыс басқармасы "Медеу" мұз айдынын реконструкциялауға ашық тендер өткізбеген. Алматы қалалық құрылыс басқармасы мәліметінше, мердігер ұйымды таңдау кезінде ҚР "Мемлекеттік сатып алу туралы" Заңына сәйкес ерекше тәртіп қолданылғанын хабарлады. Осылайша мердігер ретінде "ВД Строй-инжиниринг" ЖШС анықталды. Алайда реконструкцияға бөлінген нақты сома әлі де белгісіз.
2026 жылғы ақпанда шенеуніктер жобаның түпкілікті құны жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және мемлекеттік сараптамадан өту қорытындысы бойынша анықталатынына сендірген болатын.
Авторы: Никита Данилин
Аударған: Дина Шәріпхан