“Нұрлы жол“ вокзалы маңында Есіл өзенінен өлі балықтар табылған: Астанада судан сынама алынды
Астанадағы "Нұрлы жол" теміржол вокзалы маңында Есіл өзенінен өлі балықтар табылды. Мамандар су мен биологиялық материалдан сынама алды - оқиғаның себебі зертханалық зерттеуден кейін анықталады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Tengrinews.kz редакциясына видео жіберген оқырманның айтуынша, кадрлар 11 қыркүйекте түсірілген. Ер адам өзенде балық көп екенін, бірақ су лайланып кеткенін айтты.
Бұл ретте ол жағалауда өлі балықтарды байқаған - олардың арасында мөңке, тұқы және табан балықтары бар.
Астана әкімдігі су ластануы мүмкін деген ақпараттан кейін мамандар өзеннің бұл учаскесін тексергенін хабарлады.
"Астананың Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, өзеннің аталған учаскесіне тексеріс ұйымдастырды", - деп хабарлады әкімдік.
Видео кадры
Мамандар акваторияны көзбен шолып, зертханалық зерттеу үшін су мен биологиялық материалдан сынама алды.
Ведомство өкілдері балықтар не себепті су бетіне шығып қалғанын тек зерттеу нәтижесі алынғаннан кейін айтуға болатынын атап өтті.
Зертханалық талдау қорытындысы бойынша су айдынының жай-күйіне баға беріледі. Егер заңбұзушылықтар анықталса, тиісті шаралар қабылданады.
"Басқарма Есіл өзенінің экологиялық жағдайына тұрақты түрде бақылау жүргізетінін, оның ішінде су айдынының оттегі режимін жақсартуға және оның санитарлық-экологиялық жағдайының нашарлауына жол бермеуге бағытталған шаралар қабылданатынын қосымша хабарлаймыз", - деп атап өтті елорда әкімдігі.
“Бояу сияқты“: Есіл өзенінің түсі астаналықтарды таңғалдырды
Тамызда әлеуметтік желілерде елорда орталығында түсірілген видео тараған болатын. Астана тұрғыны "Тұлпар" көпірі маңында Есіл өзені ерекше ашық жасыл түске боялғанын түсіріп алған. Ол кезде де қала әкімдігі бұл жағдайға қатысты пікір білдірген еді.
Ведомство су маусымдық гүлденгенін түсіндірді, бұл жазда күннің ысуына, ағыстың баяулауына және көк-жасыл балдырлардың көбеюіне байланысты болады.