Цифрлық сыңардан токендерге дейін: Алатауда не жоспарланып жатыр?
Алатауда ғимараттардың жай-күйі мен коммуналдық желілерді бақылауға, ақау белгілерін дер кезінде анықтауға және жаңа шешімдерді енгізбес бұрын тексеруге мүмкіндік беретін қаланың цифрлық моделін жасау жоспарланып отыр. Оны қазақстандық мамандар Оңтүстік Корея компанияларымен бірлесіп әзірлейді. Цифрлық технологиялар инвестиция тарту үшін де пайдаланылмақ: құрылыс пен дамуға қажетті қаражатты токендер шығару арқылы тартуға болады. Бұл жобалардың өзара байланысы және олардың бизнес пен тұрғындарға берер пайдасы туралы Tengrinews.kz материалында.
Алатау қаласы цифрлық инфрақұрылымды жолдар, ғимараттар және инженерлік желілермен бір мезгілде құруды жоспарлап отыр. Мұндай тәсілді Alatau City Authority цифрлық экономика департаментінің директоры Арман Асақаев Алматыда өткен үшінші Central Asia Fintech Summit жиынында таныстырды.
Тұжырымдама негізінде нақты қала туралы деректер жатыр: қандай нысандар салынып жатыр, олар қалай жұмыс істейді және қандай күйде. Бұл ақпаратты цифрлық сыңар біріктіруі тиіс. Alatau City Authority оның пилоттық жобасын оңтүстіккореялық AST Holdings және ILJOO GnS компанияларымен бірлесіп әзірлеуді көздеп отыр. Тараптар тиісті меморандумға Пусандағы ақылды қалалар көрмесінде қол қойды.
Оңтүстіккореялық серіктестер үшін бұл таныс міндет. AST Holdings Оңтүстік Кореяның ұлттық цифрлық сыңар платформасын құруға қатысқан және Naver Cloud-пен бірге Сауд Арабиясының бес қаласының моделі бойынша жұмыс істеп жатыр. Ал ILJOO GnS Пусандағы ақылды қала мен өнеркәсіп орындарына, соның ішінде Hyundai Construction Equipment зауытына арналған цифрлық шешімдерді әзірлеген. Алатауда қос компанияны қаланың нөлден бастап салыну кезеңінде қосылу мүмкіндігі қызықтырды. Олар қазақстандық мамандармен бірге технологияларды жергілікті жағдайға бейімдеп, нақты нысандарда сынап көрмекші.
Алатауға цифрлық сыңар не үшін қажет?
Жоспар бойынша технология былай жұмыс істеуі керек: диспетчер экраннан ғимараттың моделін ашып, оның қанша электр энергиясын тұтынып жатқанын, жабдықтардың дұрыстығын және ақау туралы белгінің қайдан келгенін көреді. Ол қажетті нысанды тауып, оған қызмет көрсету тарихын қарай алады.
Мұндай мүмкіндікті нақты нысандардан деректер алатын модель – цифрлық егіз береді. Ақпарат оған температура, қысым, энергия тұтыну және басқа да көрсеткіштерді өлшейтін датчиктерден түседі. Желіге қосылып, өзара ақпарат алмасатын құрылғыларды Заттар интернеті (IoT – Internet of Things) деп атайды.
ILJOO GnS басқарушы директоры Ким Ёнг-Дэнің айтуынша, жүйенің міндеті – апат болғанға дейін ақау белгілерін байқау.
"Цифрлық сыңардың ең маңызды құндылықтарының бірі – болған жайтты жай ғана көрсетіп қоймай, мәселе күрделенбей тұрып, ерте кезеңдегі өзгерістерді анықтау қабілеті. Ол үшін цифрлық сыңарлар, IoT және AI бірлесе жұмыс істеуі тиіс", - дейді Ким Ёнг-Дэ.
ILJOO GnS басқарушы директоры Ким Ёнг-Дэ. Суретті Alatau City Authority ұсынған
Мүмкін болатын сценарийлердің бірі паркингтегі электрмобильдерді қуаттауға қатысты. Мысалы, ILJOO GnS газдардың бөлінуі мен температураның өзгеруі бойынша аккумулятордың қауіпті күйін ерте анықтайтын технологияны дамытып жатыр. Егер оны цифрлық сыңарға қосса, диспетчер паркингтегі автокөлікті тауып, өрт шыққанға дейін тексеру үшін мамандарды жібере алады.
Бұл тұрғындар үшін апаттардың азаюын, ал кәсіпорындар мен коммуналдық қызметтер үшін жөндеу жұмыстарын алдын ала жоспарлап, бос тұрып қалу уақытын қысқартуды білдіреді.
Алатауға арналған шешімдер тізімі әлі де нақтыланады. Алдымен серіктестер деректер жинау мен жүйенің жұмысын тексеретін пилоттық аумақ пен нысандарды таңдайды. Тестілеу нәтижелері қай функцияларды әрі қарай дамыту қажет екенін көрсетеді.
Енгізуге дейінгі тексеру
Цифрлық сыңар жаңа шешімдерді нақты нысандарға орнатпас бұрын сынақтан өткізуге көмектесетіні атап өтілді. Алатауда мұндай мүмкіндік ғимараттар мен желілерді жобалау кезеңінде-ақ қарастырылмақ.
"Біздің міндетіміз – қаланың құрылысы біткенше күтіп, содан кейін ғана оны цифрлық трансформациялауды бастау емес. Alatau City қажетті IT-архитектураны физикалық инфрақұрылыммен бір мезгілде қалыптастыруға мүмкіндік береді. Біз цифрлық сыңарды жай ғана таныстырылымдық 3D-модель емес, нақты деректер негізінде қаланың дамуын басқаруға арналған аналитикалық жүйе ретінде қарастырамыз", - деді Alatau City Authority СЕО-сы Әлішер Әбдіқадыров.
Мысалы, цифрлық модельде ғимараттың энергия тұтынуын басқарудың жаңа жүйесі қалай жұмыс істейтінін тексеруге болады. ILJOO GnS мұндай тәсілді Пусанда қолданған: технологиялар алдымен цифрлық ортада, содан кейін сынақ алаңында тексеріліп, содан соң ғана қалаға енгізілген. Бұл қателіктерді дайын инфрақұрылымды қайта жасау қажеттілігі туындағанға дейін анықтауға көмектеседі.
Әзірлеуге қазақстандықтар қатысады
"Шетелдік жобалардан алған ең басты сабағымыз – технологияны сол қалпында көшіре салуға болмайды, оны жергілікті орта мен деректерге икемдеп, қайта жобалау қажет. Осы тәжірибеге сүйене отырып, біз Alatau City-де қалалық деректер мен инфрақұрылымды біріктіретін, сондай-ақ кеңістікті 3D-модельдеу мен болжамды аналитика арқылы қаланы басқаруды қамтамасыз ететін цифрлық сыңарды бірлесе құруды жоспарлап отырмыз", - деп түсіндірді AST Holdings бас директоры Ли Донг У.
Қазақстандық мамандарды пилоттық кезеңнен бастап тарту көзделіп отыр. Жүйені алдағы уақытта өз бетінше дамыта алуы үшін, оларға осы жүйені әзірлеу мен пайдалануды үйрету жоспарланған.
"Бұл процесте қазақстандық компаниялар мен мамандар жай ғана техникалық қызмет көрсетуші персонал ретінде қаралмауы тиіс. Олар бірлескен әзірлеуші және ұзақ мерзімді операциялық серіктес ретінде қатысуы керек", - дейді ILJOO GnS басқарушы директоры Ким Ёнг-Дэ.
Мәселен, жергілікті IT-компания көлікті басқару немесе экологиялық мониторинг қызметін жасап, оны цифрлық сыңарға қоса алады. Алатау өскен сайын мұндай шешімдерге деген қажеттілік те артып, отандық әзірлеушілер үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады.
Нақты нысандарға қалай инвестиция тартуға болады?
Цифрлық сыңар қала нысандарының жай-күйін бағалауға көмектеседі. Ал олардың құрылысы мен дамуына қаржы тарту үшін Алатауда инвестордың белгілі бір төлемдерге құқығын бекітетін цифрлық токендерді пайдалану ұсынылып отыр.
Мысалы, қойма иесіне нысанды кеңейту үшін қаражат қажет болса, инвесторлар токендерді сатып алады және шығарылым шарттарына сәйкес жалдау табысынан төлемдер алып тұрады. Осылайша бизнес көптеген қатысушыны тарта алады, ал олардың әрқайсына нысанды толығымен сатып алудың қажеті болмайды.
Алматыда өткен Central Asia Fintech Summit жиынында Alatau City Authority цифрлық экономика департаментінің директоры Арман Асақаев ірі инфрақұрылымдық жобаларға қатысу үшін ондаған миллион доллар қажет екенін атап өтті. Токенизация аз мөлшерде де инвестиция салуға мүмкіндік беріп, мұндай жобаларды инвесторлардың кең ауқымына қолжетімді етеді.
Алатауда бірнеше нұсқа қарастырылып жатыр – құрылысқа инвестиция салу және жұмыс істеп тұрған бизнестің табысы есебінен қаражат тарту. Әр жағдайда инвесторлардың құқықтары, төлем шарттары мен тәуекелдері нақты белгіленуі тиіс. Қатысушылардың мүддесін қорғау үшін Токендерді қолдау орталығын құру жоспарланған.
"Инвестор активтің кімге тиесілі екенін, оны кім ұстап отырғанын, эмитентте қиындықтар туындаған жағдайда не болатынын және технологиялық платформа ауысқан кезде өз құқықтарының жағдайы қандай болатынын түсінуі керек", - деп қадап айтты Арман Асақаев.
Алатауда токенизацияланған активтерді шығару жоспарланған. Жалпы көлемі 10 миллион долларға дейінгі жобалар ҚР Ұлттық банкінің арнайы реттеуші режимінде сынақтан өткізілмек. 2027 жылы құқықтық режим аясында цифрлық активтерді арнайы реттеуді одан әрі дамыту көзделген.
Ұзақ мерзімді перспективада тұжырымдама токенизация тетіктерін қаланың цифрлық инфрақұрылымына интеграциялауды қарастырады. Асақаевтың айтуынша, "әдепкі бойынша токенизация" концепциясы жылжымайтын мүлікті, жылжымалы мүлікті, тауарлар мен қызметтерді қамтиды. Ол үшін блокчейнде цифрлық тізілім қарастырылған, онда активтерге деген құқықтар есепке алынады. Мақсат – оларды рәсімдеу мен беру процесін қосымша процедураларды барынша азайта отырып, цифрлық форматта жүргізу.
Қаламен бірге дамитын технологиялар
Бұл шешімдердің барлығы бір міндетке жұмыс істеуі тиіс: Алатаудың аймақтағы инвестициялық және технологиялық орталыққа айналуына септігін тигізу. Қала бой көтерген сайын мұнда технология мен капиталды қажет ететін жаңа нысандар, сервистер мен жобалар пайда болады.
Бизнес үшін бұл – Алатауды дамытуға ең басынан бастап қатысу мүмкіндігі, ал инвесторлар үшін – нақты активтер мен жобаларға қаржы салу мүмкіндігі. Нәтижесінде, қала келешек экономикасы үшін шешімдер жасалып, әзірленетін алаңға айнала алады.