Жалға берілетін тұрғын үй: Алматыда 1316 пәтер үлестіріледі
14 қыркүйекте Алматыда жалдамалы пәтерлерді бөлудің кезекті кезеңі басталды. Науқан 25 қыркүйекке дейін жалғасады.
Пәтерлер үш кезең бойынша бөлінеді:
Бірінші кезең - "Мәдениет" ТК-дегі 89 пәтер: 52 бір бөлмелі және 37 екі бөлмелі.
Екінші кезең - "Мәдениет" ТК-дегі 593 пәтер: 276 бір бөлмелі, 277 екі бөлмелі және 40 үш бөлмелі.Үшінші кезең - "Qargaly" ТК-дегі 634 пәтер: 161 бір бөлмелі, 378 екі бөлмелі және 95 үш бөлмелі.
Кезекте тұрғандарға барлығы 1316 пәтер беріледі.
Алматыда жалдамалы пәтерді қалай алуға болады?
Жалдамалы пәтер алу үшін тұрғын үйге мұқтаждар кезегінде тұру және меншігінде жеке жылжымайтын мүлік болмауы шарт. Кезегі келгендерге 1414 нөмірінен SMS-хабарлама жолданады.
"SMS келген соң orken.otbasybank.kz сайтына кіріп, міндетті түрде инвентаризациядан өтіңіз. baspana.otbasybank.kz ("Баспана маркет") порталында бөлінген пәтерге келісім беріңіз немесе одан бас тартыңыз", - деп хабарланған Отбасы банк Алматы филиалының ресми парақшасында.
Кезекте тұрған адам бұл рәсімді бес жұмыс күні ішінде орындауы тиіс. Егер бұл талап ескерусіз қалса, пәтер кезектегі келесі адамға беріледі.