Мұнай бағасы күрт өзгеруі мүмкін: Қазақстан бюджетінде қандай баға бекітілді?
Қазақстанның 2027 жылға арналған бюджетінің негізіне мұнай бағасы барреліне 70 доллар деңгейінде бекітілді. Бұл туралы ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Әмриннің сөзінше, Ұлттық экономика министрлігі бюджетті қалыптастыру кезінде халықаралық қаржы ұйымдарының бағалауы негізінде жасалған барреліне шамамен 70 долларлық консенсус-болжамды басшылыққа алған.
"Халықаралық қаржы ұйымдары орташа есеппен 70 доллар шамасында консенсус-болжам белгіледі, сондықтан біз де бюджетке 70 долларлық көрсеткішті енгіздік", - деп түсіндірді бірінші вице-министр.
Ол түрлі ұйымның болжамдары әртүрлі екенін атап өтті. Атап айтқанда, JPMorgan келер жылы баға шамамен 65 доллар болады деп күтсе, Дүниежүзілік банк 73–74 доллар деңгейін болжайды. Бұл ретте Қазақстанның Энергетика министрлігі бұдан төменірек бағаны негізге алып отыр.
Шенеуніктің сөзіне қарағанда, Ұлттық экономика министрлігі 18-ге жуық халықаралық қаржы ұйымының болжамын ескереді және соның негізінде бюджетті дайындау кезінде қолданылатын жеке консенсус-болжамын құрады. Бұл ретте ол мұнайдың қазіргі құнына қарап, болашақ бағасы туралы қорытынды жасамауға шақырды.
"Бағаның қандай болатынын айту әлі ерте. Биылдың өзінде баға 54-тен 123-ке дейін (барреліне доллар - ред. еск.) көтерілді. Айырмашылықтың қандай екенін көріп тұрсыз ба? Бүгін 105, ертең ол мүлдем төмендеп кетуі немесе керісінше өсуі мүмкін", - деді Әмрин.
Құрылтай депутаты Татьяна Савельева бюджетке енгізілген мұнай бағасы деңгейін объективті деп атады.
Бұған дейін Таяу Шығыстағы қақтығыстың өршуі аясында мұнай құны күрт көтерілгенін жазған болатынбыз. Таяу Шығыстағы танкерлерге жасалған жаңа шабуылдардан кейін Brent және US Crude маркалы мұнай бағасы 100 доллардан асты.
Тағы оқыңыз: Қазақстан бюджетте мұнайдың жаңа бағасын белгіледі: не өзгерді?