Мектеп басталды, ал жолдар қазылған: алматылықтар аудандардың біріндегі кептеліске шағымданды
"Аудан кептелісте тұр"
Бостандық ауданындағы тау бөктерінде орналасқан шағынаудан тұрғыны Instagram желісінде созылып кеткен жол жөндеу жұмыстарына шағымданып, оқиға орнынан видео жариялады. Сөз Нұр Алатау, Нұрлытау, Ерменсай және Бағанашыл шағынаудандары туралы болып отыр.
Жарияланым авторының сөзінше, 31 тамызда, оқу жылы басталар қарсаңында, аудандағы мектептер бірінің маңында жол төсемі сыпырып алынған. Әйел екі аптадан астам уақыт өтсе де, жұмыстар әлі аяқталмағанын айтады.
"Қазір аудан бұғатталып қалған: жолдар тар, кіреберіс пен шығаберісте үлкен кептеліс. Осы жағдайға байланысты мектепте сабақтың басталу уақыты өзгертіліп, ұзақтығы 30 минутқа дейін қысқартылды. Демек, уақтылы ұйымдастырылмаған жол жұмыстары балаларымыздың оқу процесіне тікелей әсер етіп жатыр", - деп жазды ол.
Сондай-ақ әйел бір мектеп маңында жол-көлік оқиғасы болып, жедел жәрдем көлігі баланы қағып кеткенін хабарлады. Бірақ қазылған жолдар кесірінен зардап шеккен балаға жіберілген екінші жедел жәрдем көлігі кептеліс салдарынан межелі жерге уақтылы жете алмаған көрінеді.
"Төтенше жағдай кезінде көмек тұрғындарға жете алмай қала ма деп қорқамыз", - делінген жазбада.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Наталья Укасованың жарияланымы (@batuhtina)
Сонымен қатар аудан тұрғындары жөндеуге қатысты жағдай қосалқы мердігерлер жұмысындағы мәселелерге байланысты қиындап кеткенін айтты. Қала тұрғындарының сөзінше, кейбір жұмысшылар нысанға шығуды тоқтатқан, өйткені бас мердігер атқарылған жұмысқа 16 күннен бері ақы төлемеген. Тұрғындар учаскедегі жұмыс тоқтап тұрғанына үш күн болғанын жеткізді.
"Мұндай қарқынмен асфальт төсеу жұмыстары да созылып кетеді", - дейді тұрғындар.
Тұрғындар Алматы әкімдігінен қауіпсіз өтуді қамтамасыз етуді, жөндеуді аяқтауды, мектеп маңындағы қозғалысты реттеуді және жұмыс аяқталатын нақты мерзімді атауды сұрады.
Жөндеу қашан аяқталады?
Алматы жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы Жәңгір хан көшесіндегі №25 үйден №54 үйге дейінгі аралықта жол төсемін орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Бұл ретте басқарманың ресми ақпараты тұрғынның жұмыс басталған мерзім туралы айтқанынан өзгеше болып шықты. Ведомство мәліметінше, бұл учаскедегі жөндеу 13 қыркүйекте басталған.
Басқарма бұл учаскеде қазіргі жол төсемін фрезерлеу жұмыстары аяқталғанын, сондай-ақ кейін ұсақ түйіршікті асфальтбетон төсеу үшін дайындық жұмыстары жүргізілгенін хабарлады.
"Осы аптаның ішінде жаңа асфальтбетон төсеу жұмыстарын орындау жоспарланып отыр", - деп хабарлады басқарма.
Сондай-ақ магистральды көшелерді жөндеу жұмыстары аяқталғаны айтылды. Аудандық маңызы бар көшелердегі жұмыстарды 31 қазанға дейін аяқтау жоспарланған.
Қала әкімдігі биыл орташа жөндеумен Алатау ауданында 99 көше, Әуезов ауданында - 16, Наурызбай ауданында - 19, Бостандық ауданында - 39, Түрксіб ауданында - 21, Жетісу ауданында - 44, Медеу ауданында - 78 және Алмалы ауданында бір көше қамтылатынын еске салды.
Басқарма мәліметінше, жалпы бүгінде аудандардағы жұмыстар 70 пайыз орындалған.
Редакция қосалқы мердігерлердің наразылығы мен мектеп маңында жедел жәрдем көлігі баланы қағып кеткені туралы ақпаратты нақтылау үшін тиісті ведомстволарға сұрау салды. Біз ресми пікірді күтеміз.
Еске салайық, бұған дейін Алматының бірнеше ірі көшесінде, соның ішінде Абай даңғылы мен Сәтбаев көшесінде жөндеу жұмыстарына байланысты жаяу жүргіншілер аймағы жабылған еді. Салдарынан қала тұрғындары құрылыс жүріп жатқан жерлерді көлік жүретін жолмен айналып өтуге мәжбүр болды. Ол кезде Алматы қоғамдық кеңістікті дамыту басқармасы мердігерге жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз өткел ұйымдастыруды тапсыратынын хабарлаған.