“Өту мүмкін емес“: Алматыдағы Абай даңғылында жөндеу жұмыстары қашан аяқталады?
Алматылықтар Абай даңғылындағы абаттандыру жұмыстарына байланысты қолайсыздықтарға шағымданды. Қала тұрғындарының айтуынша, құрылыс қоршаулары мен шашылған материалдар кесірінен бұл учаскемен жүріп-тұру қиындаған. Әкімдік өкілдері жұмысты қашан аяқтауды жоспарлап отырғанын хабарлады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Өту мүмкін емес"
Алматыдағы бірқатар көшеде жөндеу және абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Сондай учаскелердің бірі Абай даңғылында орналасқан. Тұрғындар әлеуметтік желілерде жағдайға шағымданып, қоршаулар мен құрылыс материалдары салдарынан жаяу жүргіншілерге айналма жол іздеуге тура келетінін айтты.
"Масанчи/Абай және Сәтбаев көшелеріндегі жұмыстар қашан бітеді? Ол жерден өту мүмкін емес. Барлық жерде құрылыс материалдары шашылып жатыр. Не жаяу жүргінші, не көлік өте алмайды", - дейді жұртшылық.
Фото: оқырман жолдаған, Абай/Масанчи қиылысында түсірілген
Қала тұрғындарының айтуынша, жұмыс орнын қоршаған дуалдардың кесірінен адамдар көлік жолымен немесе құммен жүруге мәжбүр. Кейбір жаяу жүргіншілер үшін балалар арбасымен өту де қиындық тудырады.
Фото: оқырман жолдаған, Сәтбаев көшесінде түсірілген
90 пайызы дайын
Алматы әкімдігі бұл учаскедегі жұмыстардың аяқталуға жақын екенін хабарлады.
"Абай даңғылындағы Масанчи көшесінен Сейфуллин даңғылына дейінгі аралықта жаңа төсеме бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде аталған учаскеде тас төсеу жұмыстары шамамен 90 пайызға орындалды", - деп мәлімдеді әкімдіктегілер.
Сондай-ақ баспасөз қызметі жұмысты алдағы 2–3 күнде аяқтау жоспарланғанын, содан кейін құрылыс қоршаулары алынып, жаяу жүргіншілердің еркін жүруіне жағдай жасалатынын атап өтті.
Бұған дейін Алматы тұрғындары шаң-тозаңға шағымданған болатын. Олардың айтуынша, құрылыс және жол жұмыстары кезінде көкке шаң көтеріліп, оны басу шаралары жасалмайды.