Маңғыстауда Каспийден өлі итбалықтар табылғаннан кейін судан сынама алынды
Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауынан өлі итбалықтардың табылғаны туралы жарияланымдардан кейін мамандар жағалау сызығын тексеріп, 15 өлексені анықтады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Lada.kz басылымына сілтеме жасап.
Жануарлардың қырылу себептері анықталып жатыр, деп хабарлады Маңғыстау облыстық балық шаруашылығы басқармасы.
Бұған дейін Ақтау тұрғыны 11 қазанда Баутино ауылы маңындағы жағалаудан оншақты итбалық өлексесін байқағанын хабарлаған болатын.
Фото Lada.kz
Маңғыстау облыстық балық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 13 қазанда "Жануарлар дүниесін қорғау қызметі" КММ қызметкерлері Түпқараған ауданының жағалау жолағын - Баутино мүйісінен Асан жеріне дейін тексеріп шықты. Онда әртүрлі деңгейде шіри бастаған 15 Каспий итбалығының өлексесі табылды.
"Жануарлардың өлу себептерін анықтау үшін мамандар биологиялық материалдар мен теңіз суынан сынамалар алып жатыр. Коммуналдық қызметтер өлекселерді жинап, кейіннен жою үшін шығарып жатыр", - деп атап өтті ведомство.
Фото: "Жануарлар дүниесін қорғау қызметі" КММ
Зерттеу нәтижелері туралы әзірге хабарланған жоқ.
Айта кетейік, биыл сәуір айында Каспий теңізі жағалауынан 100-ге жуық өлі итбалық пен ондаған аққу табылған болатын. Журналистер Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Экология министрлігі өкілдерінен оқиғаның себебі анықталды ма деп сұраған еді.
Сол кезде ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин мұндай жағдайлардың бірінші рет тіркеліп отырмағанын және оның табиғи құбылыстармен байланысты болуы мүмкін екенін айтқан. Ол мамандардың барлық қажетті сынамаларды алғанын атап өтті. Сонымен қатар судағы ластаушы заттардың рұқсат етілген нормадан асуы анықталмағаны хабарланған болатын.