АҚШ банкротқа ұшырауы мүмкін - Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп мемлекеттік қарыздың шекті мөлшеріне қатысты мәселе шешілмесе, ел банкротқа ұшырауы мүмкін екенін мәлімдеді. Ол мемлекеттік қарызға қойылған шектеуді толығымен алып тастауды ұсынды. Бұл туралы Трамп Fox News арнасына берген сұхбатында бөлісті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Егер мемлекеттік қарыз шегіне қатысты мәселені шешпесек, өзгеріссіз қалса, еліміз банкротқа ұшырайды. Бұған дейін мұндай жағдай болған емес", – деді Трамп.
АҚШ президенті ел қанша қарыз ала алатынын заңмен шектеу дұрыс емес деп есептейді.
Осы орайда ол Демократиялық партияның сенаторы Элизабет Уорреннің де бұрыннан осындай ұсыныс айтып жүргенін еске салды.
"Элизабет Уоррен бұл шектеуді алып тастауды бұрыннан қолдап келеді. Меніңше, ол дұрыс айтады. Өйткені бұл – өте үлкен қауіп әрі күрделі мәселе. Мұндай жауапкершілікті бір адамның немесе белгілі бір топтың қолына беруге болмайды. Уорреннің бұл шектеуді жоюды ұсынғаны орынды. Негізі, мұндай шектеу мүлде болмауы керек", – деді АҚШ президенті.
2025 жылғы маусымда Элизабет Уоррен де мемлекеттік қарыз шегін алып тастау мәселесінде Трамптың пікірімен келісетінін жазған.
Сенатордың айтуынша, мемлекеттік қарызға қойылған шектеу саяси қысым жасау құралына айналған. Ол Конгрестегі азшылық партияға өз талаптарын орындату үшін экономикалық дағдарыс қаупін алға тартуға мүмкіндік береді.
"Бұл шектеу мемлекеттік шығындарға әсер етпейді және қарыздың өсуін де тежемейді", – деп жазды Уоррен.
Оның пікірінше, шектеуді алып тастау саяси келіспеушіліктер салдарынан қаржы дағдарысының туындау қаупін жояр еді.
2026 жылғы тамызда АҚШ-тың мемлекеттік қарызы алғаш рет 40 триллион доллардан асып, рекорд деңгейге жетті.
Қазір елдің қарыз алу шегі 41,1 триллион доллар болып белгіленген.
The New York Times басылымының жазуынша, АҚШ-тың мемлекеттік қарызы 2027 жылғы ақпан немесе наурызда осы шекке жетіп, тіпті одан асып кетуі мүмкін.
Мұндай жағдайда АҚШ Қаржы министрлігі арнайы төтенше шараларды қолданып, қаржылай міндеттемелерін уақытша орындауды жалғастыра алады.
Алайда жағдай ушыға түссе, 2027 жылғы тамызда елдің дефолтқа ұшырау қаупі туындауы мүмкін. Яғни АҚШ өз қарыздарын уақытында өтей алмай қалуы ықтимал.
Мемлекеттік қарыз шегін ұлғайту үкіметке бұрыннан қабылданған қаржылай міндеттемелерін орындауға мүмкіндік береді. Олардың қатарында зейнетақы төлемдері, әскери қызметкерлердің жалақысы және мемлекеттік қарыз бойынша пайыздық төлемдер бар. Мемлекеттік қарыз шегін көтеру жаңа шығындарға рұқсат беру деген сөз емес. Бұл тек мемлекетке бұрын қабылданған міндеттемелерін қаржыландыру үшін қажет қаражатты қарызға алуға мүмкіндік береді.