БҚО-ның ұйымшыл ұжымдары өз таңдауын жасады
Бүгінде ел Президентін сайлауға Батыс Қазақстан облысындағы мекеме- кәсіпорын ұжымдары ұйымшылдықпен қатысуда. Қарашығанақ мұнай-газ кен орнында газды игерумен және өндірумен айналысатын компанияларының жұмысшылары дауыс берді. Оны компания басшылығы ұйымдастырды.
Естеріңізге сала кетейік, бүгінде жүздеген өңір тұрғыны Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданындағы Ақсай қаласында орналасқан өндіріс-кен орнының вахталық қалашығында жұмыс істейді және тұрады.
– Олар сайлау күні өндірісте дауыс беруге өтініш жазды. Ол үшін портативті дауыс беру жәшігі дайындалды. Мұндай қадам әртүрлі себептермен сайлау учаскесіне келе алмайтын адамдарға өздерінің азаматтық құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бүгін вахтада жүрген қызметкерлер ел үшін осындай маңызды оқиғаға тікелей қатысуға мүмкіндік алды. Портативті дауыс беру жәшігі біздің учаскенің аумағына кедергісіз жеткізілді. Ал қызметшілер дауыс беру үрдісіне белсене қатысты,– деді "KKS-Sicim" компаниясының еңбек қатынастары бөлімінің үйлестірушісі Әмір Құрманов.
Кәсіпорынның тағы да 200 қызметкері өз дауысын Ақсай қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешеніні ғимаратында беріпті. Ал Ақсай қаласында тұратын 250 жұмысшы өздері тіркелген сайлау учаскелерінде дауыс береді екен. Одан бөлек әр дауыс беруші үш сағатқа жұмыстан босатылған. Компания қызметкерінің жалақысы сақталатынын және дауыс беруге барып келетін жол жүру құнын қамтамасыз етті.
Ақ Жайық өңірінде сайлау учаскесіне ұжыммен барып дауыс беру жалғасуда. Казталов ауданындағы 10 адамнан тұратын өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері де өз сайлау учаскелерінен табылып, ел ертеңі үшін таңдау жасаған. Жаппай ұжымдық дауыс беру Ақжайық ауданында да жалғасуда. Аталмыш аудандағы сайлау учаскелеріне "Қазақтелеком" аудандық бөлімінің қызметкерлері, аудандық кітапхана, спорт клубының қызметкерлері бір мезгілде барған.
Еңбек ұжымдарының ұйымшылдығы Батыс Қазақстан облысының барлық аудандарында көрініс табуда.